Ертең, 1 наурызда Атырауда естілетін күшті дабыл жүйесінің дыбысынан тұрғындар үрейленбеуі керек. Бұл азаматтық қорғауды құлақтандыру жүйесін жоспарлы республикалық тексеру жұмысы.
«Құлақтандыру жүйесін тексеру барысында аз уақытқа электр сиреналары және сиреналық-сөйлеу құрылғылары (дауыс зорайтқыштар) қосылады. Сондай-ақ телевизиялық және радиоарналар эфирін ұстап қалу, интернет-ресурстар мен мобильді қосымшаларда ақпарат орналастыру көзделіп отыр, - деп хабарлайды ҚР ТЖМ. - "Баршаның назарына!" дыбыстық сигналы – бұл қауіп төнген немесе төтенше жағдай туындағанда барлық шұғыл хабарламаны берудің алдында халықтың назарын аудару үшін жасалатын ескерту сигналы.
Дыбыстық сигналды естіген кезде теледидарлар мен радиоқабылдағыштарды қосу керек, туындаған жағдай кезінде әрекет ету бойынша нұсқаулық алу үшін интернет-ресурстардағы және мобильді қосымшалардағы ақпаратты оқып шығу керек.
Сонымен қатар, қауіпті өндірістік объектілер мен гидротехникалық құрылыстардағы жергілікті құлақтандыру жүйелерінің жарамдылығы де тексеріледі.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА