Биыл Атырау облысының Құрманғазы, Махамбет, Мақат, Қызылқоға, Индер аудандарында жалпы ұзындығы 120 шақырымнан астам жол пайдалануға беріледі. Бұл туралы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Самат АЙТҚАЛИЕВ мәлім етті.
Өткен жылы өңірде жалпы ұзындығы 201 шақырым жолға күрделі жөндеу, қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді.
- Осы жылы облыстық «Индер-Миялы-Қарабау-Сағыз» автокөлік жолы, аудандық маңызы бар «Ақкөл-Қызылоба-4 разъезд-Қиғаш» автокөлік жолы, облыстық маңызы бар «Құрманғазы-Приморье-Утеры-Котяевка» мен «7-разьезд-Асан, Азғыр, Сүйіндік-Балқұдық» автомобиль жолын жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар Жылыой ауданының Ақкиізтоғай ауылы, Махамбет ауданының Махамбет ауылының, Мақат ауданы Доссор кентінің, Құрманғазы ауданының Дәшін, Ақкөл, Затон ауылдарының ауілішік жолдарының құрылысы және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, Қызылқоға ауданының Сағыз, Кенбай, Мұқыр, Миялы ауылдары, Индер ауданының Өрлік ауылы, Исатай ауданының Тұщықұдық, Исатай, Зинеден, Аққыстау ауылдарының да жол құрылысы мен қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілмек, - деді С.Айтқалиев. - Аталған жобаларға бюджеттен 22,9 млрд теңге (12 млрд теңге республикалық, 10,9 млрд теңге жергілікті қаржыдан) бөлініп отыр.
Ол сондай-ақ республикалық маңызы бар «Атырау-Астрахань» тас жолының құрылысына да тоқталып өтті. Бүгінде жолдың 277 шақырымына күрделі жөндеу жүргізілді, 80 шақырымы көлік қозғалысы үшін ашылды.
Дайындаған Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ