Атырау, 28 қараша 10:48
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

«Бүркітке арнап жылқы сойып бермегенмен, соғымнан үлесін алады»

Сурет
1 233 просмотра

Жаңаталап ауылында еліміздің дәстүрлі, төл спорты құсбегіліктен ересектер арасында XVI Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Турнирге еліміздің түрлі өңірінен 50-ге жуық спортшы қатысты.

Төрт күнге жалғасқан саятшылық жарысы аясында құсбегілер құсты қолға шақыру (яғни бүркітші өз құсын 100 метрден астам қашықтан тұрып шақырғанда, бүркіт тікелей ұшып барып қолына қонуы тиіс), кептерге салу, қоянға салу және соңғы финал даладан ауланып әкелген шибөріге салу сайыстары бойынша сынға түсті.

Құсбегілер әр кезең сайын іріктеліп отырды.

36 жастағы Мәти Арман жарысқа Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы, Тоғызқұдық ауылынан келген.

- Бүркіт баптау бала кезден көріп өскен кәсібім. Әкеміз 40 жылға жуық уақыт бүркіт баптап, өзі өмірден өткеннен кейін ата кәсіп балалары - бізге қалды. Бұл кәсіппен ағаларымыз, інілерім айналысады. Үйде үш бүркіт бар, мұнда «Тастүлек» атты 3  жасар бүркітіммен келдім, - дейді Арман. Ол осындай республикалық турнирлерде, тіпті бір халықаралық чемпионатта жүлделі орын еншілеген.

- Бүркітті тұрақты ұшырып, аңға шығып тұрмаса, ұшпай қалуы да мүмкін. Сондықтан қоянға, түлкі аулауға жиі шығып тұрамыз. Мынау басымдағы биыл аулаған түлкі терісінен киген бөркім, - дейді Арман. Үстіндегі күртесін де аң терісінен киген. Аулаған аңдардың терісін өзі илеп, қажетті киімін өзі тігеді. - Тері илеп, пайдаға асыруды да әкемізден үйренгенбіз. Қазір баламды үйретіп жатырмын, - дейді құсбегі.

Сонымен қатар, Арман жылқы шаруашылығымен айналысады:

- Әрине, бүркітке арнап жылқы сойып бермегенмен, өзімізге арнап сойылған соғымнан, үлесін алады.

- Бүркітіңізді сатсаңыз қаншаға бағалайсыз?

- Қазақ халқында құсбегілер ешқашан құсын сатпаған. Өз еркімен береді, немесе қалап келген адам болса, оның бергенін алады. Құсты қадірлеген адам жылқы, түйе беріп алып жатады.

Жарыстың төртінші күні шибөріге салу кезеңімен аяқталды. Бұл сайысқа барлық кезеңдерден мүдірмей, іріктеуден өткен бүркіттер қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша финалистердің ұпайлары бірдей болып, төрешілер ат құйрығына түлкінің терісін сүйрету арқылы, ат мәреге жеткенше түлкі терісін ілген бүркітке қосымша ұпай беріп, жеңімпазды анықтады.

Чемпионаттың қорытындысы бойынша бүркітшілер арасында «Қарашолақ» құсын баптаған елордалық Арманбек КҮНТУҒАН жеңімпаз атанса, Абай облысынан келген Ерзат БАЙҚАДАМОВ екінші, астаналық Серікбек КҮНТУҒАН мен «Нарын» бүркітінің иесі атыраулық Арман ҚОШҚАРОВ үшінші орынға тұрақтады. Қаршығашылар арасында Түркістан облысының өкілі Дәурен АРШАБАЙ бірінші орынды және түркістандық Бағдат КЕУЕНОВ екінші орынды иеленсе, үшінші орынды елордалық Серікбек КҮНТУҒАН мен Құдайберген РАУИЛЬҰЛЫ өзара бөлісті.

Ал ителгі салудан Ақмола облысынан келген Ерлан КЕНЖЕТАЕВ бірінші, Жамбыл облысының намысын қорғаған Бақдәулет  БАБАЖАН екінші, Түркістан облысын бастаған Ибрагим БАЗАРБАЕВ пен Бағдат КЕУЕНОВ үшінші орынға тұрақтады.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суреттерді түсірген автор 

28 ақпан 2023, 11:32

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.