Атырау, 28 қараша 10:45
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Қаржы вице-министрі: Республикалық бюджетке түсетін салықтың үштен бір бөлігі - Атырау облысынан

671 просмотра

24 ақпанда Атырауға ҚР Қаржы вице-министрі Ержан БІРЖАНОВ келді. Алдымен ол Мемлекеттік кірістер департаментінің ұжымына жаңа басшы Айдын Сауданбековті таныстырды. Одан кейін бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесу, азаматтарды жеке қабылдау, баспасөз мәслихаты және «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ флагмандық жобасы болып табылатын KPI зауытына («KPI Inc.» ЖШС) іс-сапар болды.

Кәсіпкерлермен жүздесу және брифинг кезінде вице-министр облысымыздың еліміздің экономикалық дамуындағы маңыздылығын айта келе, өткен жылы республикалық бюджетке түскен барлық салық төлемдерінің 28 пайызы Атырау облысының үлесіне тигенін баса айтты. Оның айтуынша, облысымызда барлығы 25 ірі жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорын тіркелген (айтпақшы, жер қойнауын пайдаланушылардың әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына бөлетін қаражаты туралы «АЖ» сауалы ақыры қойылмады – «уақыт тапшылығына байланысты» деді ӨКҚ брифингінің модераторы).

– Ел бюджетінің қомақты бөлігін Қазақстанның мұнай қорының 80 пайызы орналасқан Атырау облысын аумағындағы мұнай-газ секторындағы компаниялар құрайды, – деді вице-министр. – Ұлттық қорға негізгі төлеуші (86%) - «ТШО» ЖШС: өткен жылы Ұлттық қорға одан 3 121 млрд теңге түсті, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 2 306,7 млрд теңгеге көп. Бұл үлкен өсім, ең алдымен, мұнай бағасының жаһандық өсуіне байланысты (2021 жылы барреліне $64,2, 2022 жылы $86,2 болды).

Әрі қарай Е.Біржанов индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы мен Кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында 2022 жылы жүзеге асырылған үш жобаға тоқталды. Оның айтуынша, бүгінгі таңда үш жобаның жалпы сомасы 815,2 млрд теңгені құрап, 616 жұмыс орны ашылған. Бұл газхимиялық кешен («Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС, жоба құны – 814 млрд 288 млн теңге, жұмыс орны – 500); көлемді виброкомпресстеудің инновациялық әдісімен бетоннан қабырға және жол бұйымдарын өндіру («Еврострой» ЖШС, жоба құны – 633 млн. теңге, жұмыс орны – 16); саз кірпіш өндіру («ЭлитСтройАтырау» ЖШС, жоба құны – 240 млн теңге, жұмыс орны – 100).

Сондай-ақ ол Атырау облысында 709 532 салық төлеуші тіркелгенін, қатарында шетелдік компаниялардың қызметкерлері бар екенін айтты. Оның ішінде заңды тұлғалар – 15551, жеке тұлғалар – 637215, жеке кәсіпкерлер – 56766 (оның ішінде шаруа қожалықтары – 2700).

Айнұр САПАРОВА

26 ақпан 2023, 23:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.