Атырау, 28 қараша 10:40
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Атырауда жеке тұрғын үй құрылысына жер телімін беру әзірге тоқтатылды

1 588 просмотра

Атырау облысында жеке тұрғын үй мақсатындағы жер учаскесін алу үшін бүгінде кезекке 138 мыңнан астам тұрғын тіркелген, оның 106 мың 700-і – облыс орталығынан жер алуға өтініш білдірген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте Атырау облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Әлібек ЕРМЕКҚАЛИ мәлімдеді.  

Оның мәліметіне сүйенсек, былтыр жер кезегінде 122 мың адам болған, бірақ 2023 жылдан бастап күрт артқан.  

- Бұл жағдайға себеп - былтыр республика көлемінде жер кезегіне тұрудың бірыңғай жүйесі енгізіліп, тұрғындар үйінен шықпай-ақ, eGov порталы арқылы онлайн кезекке тұруға мүмкіндік алды. Қазір 18 жасқа толған әр қазақстандық үйінде отырып-ақ, өзінің қалаған облысынан тұрғын үй мақсатында тегін 10 соттық жер ала алады, - деді Ермекқали. - Қазіргі кезде 1999-2006 жылға дейінгі азаматтардың өтініші қанағаттандырылып келе жатыр. Атырау қаласы бойынша биыл жер беру туралы нақты жоспар енгізілмеді. Соған қарамастан әр жерден табылған жер телімдері бойынша ұсыныс жасап, 19 жер учаскесін бердік. Биыл облыс бойынша 1452 жер учаскесі беріледі. Оның  ішінде 500 жер учаскесі Құрманғазы ауданынан, тағы осы көлемдегі жер учаскесі Махамбет ауданынан беру жоспарда.

Қала бойынша жер учаскелері инфрақұрылым жүргізілген дайын алаңнан беріледі. Қазіргі кезде дайын алаңдар болмауына байланысты қалада жер кезегі тоқтап тұр. Сондықтан 2007 жылы кезекке тұрғандар қашан жерге қол жеткізетіні нақты белгісіз. Жер телімін беру үшін ол жерде су және жарық көзі міндетті түрде болу керек. Қазіргі кезде қай жерге қоныстану мүмкіндігі бар екені туралы егжей-тегжейлі жоспар жасақталып жатыр. Өркен ықшамауданының екінші беті мен Талғайран ауылы бағыты қарастырылып отыр.

- Егер адам алған жерді пайдаланбаса, қанша уақытта кері қайтарылады?

– Жер берудің қысқа және ұзақ мерзімді түрі бар. Негізінен жер телімі тұрғынға 3 жылға дейін уақытша жалға беріледі. Егер ол жерді 2 жыл бойына пайдаланбай, үшінші жылы жалға алу мерзімін ұзартқысы келіп өтініш білдірсе, жер комиссиясы оның өтінішін қанағаттандырмауға толық мүмкіндігі бар. Іргетасы қаланбай, немесе қоршалмай тұрған жерлер мемлекетке қайтарылады. Мұндай жағдайлар кездесіп қалады.

Сондай ақ, Ә.Ермекқали ауылшаруашылық мақсатында беріліп, игерілмей қалған жерлердің де мемлекетке қайтарылып жатқанын атап өтті:

 - Өткен жылы облыс көлемінде 206 209 га құрайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы 185 жер учаскесі мемлекетке қайтарылды. Оның ішінде 191 мыңға жуығы жайлым болса, 140 гектар шабындық, қалған 15 мыңы өзге де жер санаты.

Дайындаған Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

27 ақпан 2023, 16:39

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.