Атырау, 28 қараша 10:37
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Өзбекстандықтардың егістікте жұмыс істеуіне квота көбейді, бірақ бұл әлі де жеткіліксіз болуы мүмкін

762 просмотра

Атырау облысының дала еңбеккерлері көктемгі егіс жұмысына дайындық жұмыстарын бастап кетті. Олар үшін жыл сайынғы маңызды проблема - жұмыс күшінің жетіспеушілігі.

Өткен жылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 1 мыңнан астам шетелдікке (Өзбекстан азаматтары екені түсінікті) сұраныс берген болатын. Алайда бар болғаны 381 ғана квота бөлінді. Бұл өте аз. ӨКҚ мәліметінше, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мамандары шаруашылық иелерімен кездескенде квота мөлшерінің көбейгенін хабарлаған.

- Әрине, біздің негізгі мақсатымыз - шетелдік жұмыс күшін азайтып, жергілікті адамдарды жұмыспен қамту. Алайда, егістікте шетелдік жұмыс күшінсіз болмайтыны шындық. Биыл шаруагерлердің ұсынысын ескеріп, квота санын 800-ге көбейттік. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп, - деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Мейрамбек АЛДИЯРОВ. - Сонымен қатар, шаруагерлермен кездескенде elicense.kz веб-порталы арқылы қызмет алу жолдары түсіндірілді. Айта кету керек, маусымдық қызметтер ақпан айының 15-інде басталып, қарашаның 15-інде аяқталады. Ал жылыжай қызметтері жыл бойы жүргізіледі.

«АЖ» тілшісі М.Алдияровқа бірнеше сұрақ жолдаған еді.

- Шаруагерлер барлығы қанша квотаға сұраныс түсірді?

- ШҚ-нан 1300-ге жуық өтінім түсті. Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында «Атырау облысына шетелдік жұмыс күшін тартуға квотаны қалыптастыру жөнініндегі» комиссияның шешіміне сәйкес, 800 квота бөлінді. Егер жетіспесе, қосымша квота бөлу мәселесі қарастырылатын болады.

- Шетелдік жұмысшыларды тартатын ШҚ-на жеңілдік бар ма?

- Жоқ, өйткені шетелдік жұмыс күші шаруа қожалықтарының жеке қажеттілігі. Қазақстандық азаматтарды «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде әлеуметтік жұмыс орны, алғашқы жұмыс орны секілді жұмыспен қамту шараларымен қамтыған жағдайда жеңілдік қарастырылған. Мысалы, әлеуметтік жұмыс орны бойынша жалақының 35 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады.

- Егер шетелдік жұмысшымен еңбек шарты бұзылған жағдайда ше?

- Онда шетелдікке алынған рұқсаттарды ШҚ өз еркімен қайтарған уақытта басқарма рұқсатты жоя отырып, облыстық көші-қон қызмет басқармасына жолдайды.  Егер де шетелдік жұмысшы еңбек шартын бұзса, оған басқарманың құзыры жоқ. ШҚ иесі полиция немесе сотқа жүгінуге құқылы.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

27 ақпан 2023, 15:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.