Атырау облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағаттар басқармасы былтыр желтоқсан айында облыс тұрғындарынан 2023 жылы қандай мәдени-бұқаралық іс-шараларды көргіңіз келеді деген сауалнама жинаған болатын. «АЖ» мұның нәтижесін білген еді.
Басқарманың бөлім басшысының міндетін атқарушы Асылбек ЖЫЛҚЫБЕКҰЛЫНЫҢ мәліметінше, басқармаға әлеуметтік желі арқылы жолданған өтініштердің тең жартысында басқарманың жыл сайын жоспарлы түрде өткізетін мерекелік шаралары қайталанған. Мысалы, Құрманғазының 200 жылдығына, Махамбеттің 220 жылдығына, Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналған іс шаралар.
Оның айтуынша, кейбір қатысушылар сауалнаманы дұрыс түсінбеген. Мысалы, «концерт өткізгенше, тротуар салыңдар, жолды жөндеңдер» деген ұсыныстар да болған.
- Ұсыныстар арасында тың деп айтарлық ұсыныс болды. Тұрғынның бірі жергілікті композитор Болат Қохамановтың шығармашылығынан республикалық байқау өткізуді ұсынды. Биыл шығармашылық кешін өткізу жоспарға қойылып, ал республикалық байқау келесі жылы композитордың 60 жылдық мерейтойына орай ұйымдастыру ескерілді. Сондай-ақ, тұрғындардың ұсынысы бойынша жергілікті әнші Сембек Жұмағалиевтың да шығыармашылық кешін өткізу биыл жоспарға қойылды, - дейді А.Жылқыбекұлы.
Оның айтуынша, түскен ұсыныстар ішінде басқарманың құзіретіне кіргенімен кейбір талаптарға сәйкес қолдау таппаған өтініштер де болған:
- Мысалы, «Ninety One» тобының концертін Атыраудан көргіміз келеді деген ұсыныс болды. Алайда бұл топтың концертін өткізуге қатысты халық арасында сын пікір болғандықтан, облыс бюджеті есебінен өткізу ұсынысы қанағаттандырылмады. Өңірдегі ірі мекемелер демеушілік білдірсе, өткізуге болады.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ