АҚШ президенті Варшавада «Бухарест тоғызы» жиынына қатысты. Жиында Байден НАТО-ның шығыс шекарасына жататын елдердің басшыларымен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
BBC агенттігінің жазуынша, Киевтен кейін Польшаға өткен АҚШ президенті Ресейдің әрекетін тағы айыптап, украиналықтарға ауқымды көлемде көмек көрсетілетінін келесі мәрте хабарлады. Шығыс одақтастарымен кездесу барысында Байден қазір соғыс тек украиналықтардың бостандығы ғана емес, «бүкіл Еуропа мен бүкіл әлемдегі демократия бостандығы» үшін болып жатқан соғыс екенін еске салды. Украинадағы соғыстың нәтижесі еуропалықтардың да бостандығына тікелей байланысты. Сондай-ақ ол Вашингтонның одақтастарын қорғауды қасиетті міндет деп атады.
«Біз НАТО аумағының әр дюймін қорғаймыз. Ресейдің соғысы тек Украина ғана емес, әлем елдерінің бостандығына қауіп төндіреді», - деді Байден.
Президент АҚШ украиндықтарды қолдауды жалғастырады деп уәде берді. АҚШ президенті Владимир Путиннің екі елдің ядролық арсеналдарын шектейтін SNV-III шартына Ресейдің мүшелігін тоқтату туралы шешімін қате деп атады.
Альянстың бас хатшысы Йенс Столтенберг АҚШ президентінің Киевке сапары қарсаңында Еуропалық қауіпсіздік Вашингтонның басты міндеттерінің бірі екені туралы нақты хабарлама деп атады.
Альянс басшысы Путиннің бейбітшілікке емес, керісінше, жаңа соғысқа дайындалып жатқанын, сондықтан Украинаны қолдауды күшейту қажет екенін мәлімдеді.
«Біз соғыстың қашан аяқталатынын білмейміз, бірақ ол аяқталған кезде тарихтың қайталанбайтынына сенімді болуымыз керек. Ресейге Еуропаның қауіпсіздігін «жасырын түрде бұзуға» жол бермеуіміз керек», - деді Альянстың бас хатшысы Йенс Столтенберг.
Бухарест тоғыздығының басым бөлігі Украинаны әскери қарумен қамтамасыз ету керек деп санайды. Тоғыздық Киевке әскери көмекті кеңейтіп, жаңа әуе қорғанысы жүйелерін жеткізбек. Кездесуде Байден Вашингтонның Шығыс одақтастарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерін растап және олармен Украинаны қолдау жайын талқылады.
Байден сөз сөйлегенге дейін Польша президенті Анджей Дуда бұл кездесу Ресейдің Украинаға басып кіруінің қарсаңында өтіп жатқанын, «Еуропаның тарихын және бүкіл әлемдегі қауіпсіздік жағдайын мәңгілікке өзгерткенін» еске салды.
Ал Литва президенті Гитанас Науседа Америка Құрама Штаттарының Еуропалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және Украинаға қару-жарақ жеткізілімін арттыруға белсенді қатысқысы келетінін айтты.
«Украинаға агрессорды жеңу үшін барлық қажетті қаруды берейік. Өз қорғанысымызды нығайтуды жалғастырайық. НАТО-ның Шығыс қапталы біздің назарымызда болуы тиіс. Бірде-бір осал жер қалмауы керек», - деді Науседа.
Варшава кездесуінде Чехияның премьер-министрі Петр Фиала да Киевке көмек көрсетуді тоқтатпаудың маңызды екенін айтты.
«Украиндықтар керемет батылдық танытуда. Бірақ олар біздің көмегімізсіз және мүмкіндігі мол қуатты елдердің көмегінсіз соғыс жүргізе алмайды», -деді П. Фиала.
«Тоғыздық» елдерінің ішінде Венгрия ғана Ресейдің әрекетін айыптай алмай отыр. Венгрия ЕО-ның Ресейге қатысты барлық санкциялық шарасын қолдамады.
«Бухарест тоғыздығына» Болгария, Венгрия, Латвия, Литва, Польша, Румыния, Словакия, Чехия және Эстония кіреді. Блокты құру идеясын 2015 жылы Румыния президенттері Клаус Йоханнис пен Польша Анджей Дуда көтерді. Одақтың мақсаты – Балтық пен Қара теңіз арасындағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты арттыру, НАТО-ның жаңа мүшелері арасындағы ынтымақтастықты нығайту.