15 жыл ішінде су тазарту қондырғысының құрылысына 13 миллиард теңгеден астам қаражат тартылды және тағы да қаражат бөлінеді.
Қала іргесіндегі Береке ауылында орналасқан №5 жаңа сүзгі станциясының құрылысы 2008 жылы Бергей Рысқалиевтың кезінде басталған. Құрылысты «Азия-Маркет С» ЖШС салды, кейін бұл серіктестік «Бергей командасының» атышулы сыбайлас жемқорлық ісінде бой көрсетті. Нысан үш жыл бойы «салынды» және айыптау қорытындысында көрсетілгендей, осы уақыт ішінде компания шоттарына бюджеттен 4,4 миллиард теңгеден астам қаражат аударылған, содан кейін сүзгі станциясы тоқтатылған «сақалды» құрылыстар тізіміне енді.
Станцияны қайта жаңғыртуға 9,2 млрд теңгеге тендер жариялау арқылы өткен жылы құрылысты қайта бастау туралы шешім қабылданған. Құны жақын арада «n» сомаға қымбаттайтын жобаның тапсырысшысы - қалалық құрылыс бөлімі.
Жақында Өңірлік коммуникациялар қызметі Жайықтағы су деңгейінің төмендеуіне байланысты су тазарту қондырғысына қосымша сорғы станциясы мен сыртқы электрмен жабдықтау жобасы қажет болғандықтан, жобалық-сметалық құжаттамаға түзетулер енгізілгенін хабарлады. Жалпы, өткен жылы қайта жарақтау жұмыстары басталып кетті, бастапқы бекітілген жоспарға сәйкес жұмыстардың бір бөлігі келесі қыста аяқталып қалуы ғажап емес. Бірақ түзетуге байланысты нысанның құрылысы 2024 жылға дейін созылуы мүмкін.
«АЖ» сауалына Атырау қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімі қайта жаңғырту жұмыстары бойынша мердігер «Батыс Альянс Строй» ЖШС екенін, қазіргі уақытта 3,1 млрд теңге игерілгенін хабарлады.
«Қанша қымбаттайтыны белгісіз, өйткені түзету жобасы әзірлену сатысында», - делінген әкімдіктің жауабында.
Лев ГУЗИКОВ