Атырау, 28 қараша 12:50
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Атыраулық құрылысшылар өзге өңірлердің тендер жеңімпаздарына қолбала болғысы келмейді

1 194 просмотра

Өңірлік кәсіпкерлер палатасында өткен құрылыс комитетінің отырысында жергілікті құрылыс компаниялары өздеріне мемлекеттік тапсырыстардың қолжетімсіздігі туралы мәселе көтерді. Олардың айтуынша, ірі мемлекеттік сатып алу келісімшарттарын басқа өңірлердің кәсіпкерлері алғанымен, іс жүзінде жұмысты қосалқы мердігер ретінде жергілікті компаниялар атқарып жатыр.

«Қазақстан құрылысшылар одағы» ЗТҚ жергілікті филиалының директоры Эльдар МҰХАНБЕТЖАНОВТЫҢ айтуынша, соңғы жылдары сатып алуларды белгілі бір компаниялардың ұтып алу үрдісі байқалып отыр. Оның пайымдауынша, түрлі қайта құру процедураларынан өткен компаниялар нарықта басым жағдайға ие болған.

– Бұдан басқа, көбінесе, сатып алуда басқа өңірлердің жеткізушілері жеңіп алған соң, олар жұмыс көлемін жергілікті жеткізушілерге береді де өздері шетте қалады. Бұл тәжірибе өңірімізде шағын және орта бизнестің дамуына кері әсерін тигізуде, – дейді Э.Мұханбетжанов.

«Атырау Эксперт Проект» ЖШС өкілі Қуаныш МҰХТАРОВ 2022 жылғы 27 қараша мен 12 желтоқсан аралығында «Ашық НҚА» порталында ҚР Қаржы министрінің бұйрығының жобасы талқыланып жатқанын атап өтті. Онда құрылыс нарығын монополиясыздандыруға ықпал ететін «Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру ережесіне» өзгерістер енгізу қарастырылған.

- Мемлекеттік сатып алуға қатысудың тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету мақсатында жоба конкурстық баға ұсынысына әсер ететін теріс мәндер түріндегі критерийді енгізуді ұсынады. Егер әлеуетті жеткізушіде ағымдағы қаржы жылында жасалған шарт болса, веб-портал автоматты түрде әрбір осындай шарт үшін мұндай әлеуетті жеткізушінің бәсекеге қабілетті баға ұсынысына әсер ететін жалпы критерийлердің шартты жеңілдіктер сомасының 0,1 пайызын шегереді. Бұл тәсіл табиғи ортада әлеуетті жеткізушілер арасында сатып алу көлемін әділ бөлуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жергілікті компанияларды дамыту, тиісті өңірде салық түсімдерін жинақтау мақсатында оларға тиісті шартты жеңілдіктер беру ұсынылып отыр. Бұл бұйрық 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енуі тиіс еді, бірақ қазіргі уақытта қол қойылмай, порталдың мұрағатында тұр, – дейді Қ.Мұхтаров.

Эльдар Мұханбетжанов жергілікті құрылыс компанияларының көбі қосалқы мердігерліктен түскен табыс өз шығындарын өтей алмағандықтан банкротқа ұшырау алдында тұрғанын, соның салдарынан құрылыс сапасы нашарлап кететінін баса айтты.

Жергілікті құрылыс компанияларының басшылары Қаржы министрлігіне ұжымдық хат жолдауды да жоспарлап отыр. Нәтиже болмаса, олар премьер-министр мен мемлекет басшысына жүгінеді.

Дайындаған Айнұр САПАРОВА

ӨКП жолдаған суреттер

20 ақпан 2023, 21:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.