Атырау облыстық әкімдігінде әлеуметтік әріптестік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның отырысы өтіп, онда «Ембімұнайгаз» АҚ және «KPI Inc.» АҚ мердігер ұйымдары, сондай-ақ «Атырау Жарық» ЖШС қызметкерлерінің мәселелері қаралды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Игілік ӘУБӘКІРОВ өз баяндамасында, атап айтқанда, жұмысшылардың жалақының төмендігіне байланысты шағымдарына тоқталды.
– «Ембімұнайгаз» АҚ-ның объектілерін күзетуді жүзеге асыратын «KZ Projection Group» ЖШС-де 500-ден астам адам жұмыс істейді. Олардың айлығы – 84 000 теңге, тек биыл 10%-ға ғана көтерілген. «АМӨЗ» ЖШС-не көлікті ұсыну қызметін жүзеге асыратын «Gold Sunray» ЖШС жұмысшылары да осы мәселемен облыстық әкімдікке жүгінді. Бұл компанияда жалақы өсімі 2022 жылы 1 шілдеден бастап 10%-ға, 2023 жылы 1 қаңтардан бастап 10%-ға өсті. Сонымен қатар арнайы автокөлік жүргізушілері мен слесарлық топқа 20 мың теңге мөлшерінде ай сайынғы үстемеақы белгіленді. Олар ведомствоаралық штабтан еңбекақы төлеу қорын арттыру туралы ұсыныс енгізуді өтінеді, - деді И.Әубәкіров.
Әрі қарай жиында «Атырау-Жарық» АҚ-дағы жалақы мәселесі қаралды. «Атырау-Жарық» АҚ президенті Мейірбек ҒҰБАШЕВТЫҢ айтуынша, жұмысшылардың жалақысын 2023 жылдың ІІ тоқсанынан бастап өсіру жоспарланып отыр.
– Мемлекеттік органдарға жалақыны көтеру, қолданыстағы тарифті өзгерту үшін хат жолданды. «Табиғи монополиялар туралы» Заңға 2022 жылғы 30 желтоқсанда шыққан №177-VІІ ҚР Заңымен тиісті өзгерістер енгізіліп, ол 2023 жылдың 12 қаңтарында заңды күшіне енді. Енді осы өзгерістер жоғарыда аталған Ережеге де енгізілуі қажет. Ереженің 601-тармағына «уәкілетті органның ведомствосы бекіткен тарифті қолданылу мерзімі өткенге дейін өзгертуге бір жылдағы статистика деректері бойынша қалыптасқан өңірдегі (қаладағы) экономикалық қызмет түрлері бойынша бір қызметкердің орташа айлық номиналды жалақысының өзгеруі негіз болады» деп өзгеріс енгізу қарастырылуда, - деді М.Ғұбашев.
Жиында төрағалық еткен облыс әкімі Серік ШӘПКЕНОВ жауапты басшыларға жұмысшылардың жалақысын уақытылы төлеуді, өндіріс орындарында қауіпсіздік ережелерінің сақталуын қатаң қадағалауды тапсырды:
- Біздің басты мақсатымыз - қызметкерлердің еңбек құқығын қорғау. Ол Еңбек кодексінде тайға таңба басқандай жазылған. Біз қызметкерлерге қажетті жағдайдың бәрін жасауымыз керек. Бұл - өте маңызды мәселе. Сондай-ақ, бұл мекемеде бірнеше жазатайым оқиға орын алды. Сол жұмысшылар шетелдік компанияда жұмыс істесе, техникалық қауіпсіздікті толық сақтайды, ал бізде керісінше. Неге олай? Өйткені талап қойылмайды.
Дайындаған Айнұр САПАРОВА