Атырау, 28 қараша 13:01
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Атырау облысының бас сәулетшісі: «Бәрі Бас жоспар бойынша»

1 247 просмотра

Былтыр Атырау облыстық сәулет және құрылыс басқармасының шығындарына жергілікті бюджеттен 285 млн 960 мың теңге бөлінген. Соның ішінде қала құрылысы құжаттарын әзірлеуге – 242 млн 358 мың теңге және  басқарманың қызметін үйлестіру үшін - 43 млн 602 мың теңге жұмсалды. Бұл туралы Атырау облысы Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Гүлбаршын Арыстанова “АЖ” сұхбатында айтып берді.

- Биыл бюджеттен қанша қаражат қарастырылып отыр?

- 592 млн 471 мың теңге (қала құрылысы құжаттарын әзірлеуге 503 млн 631 мың және басқарманың қызметін үйлестіру үшін 88 млн 840 мың теңге).

- Сіздер дайындаған елді мекендердің Бас жоспары қалай орындалып жатыр?

- Облыстағы 155 елді мекеннің 131-і (84,5%) бас жоспармен қамтамасыз етілді, сонымен қатар 2017-2022 жылдар аралығында 10204,79 га аумаққа егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары әзірленді.

Атырау қаласының бас жоспарына сәйкес солтүстік бағытта жаңа мөлтек аудан бой көтеріп жатыр; көшелер кеңейтіліп, Солтүстік айналма жолының құрылысы басталды; мектеп пен балабақшалар салынып жатыр;

Жылыой ауданы Құлсары қаласында Орталық мөлтек ауданына сәйкес мектеп, балабақшалар салынды; 100 пәтерлік 3 үй салынып жатыр, Атырау және Болашақ мөлтек аудандарында салынатын жеке тұрғын үй алабына инженерлік инфрақұрылымға жобалау сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.

Қызылқоға ауданы Тасшағыл ауылынан 300 орындық мәдениет үйіне, биыл Сағыз ауылынан 600 орындық мектептің құрылысына жер телімі бөлінді; аудан бойынша 683 жер теліміне инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы жүргізілді, сонымен қатар Тасшағыл, Жасқайрат, Қоныстану және Қарабау ауылдарынан спорт кешеніне, Қарабау ауылынан мәдениет үйіне жер телімі бөлініп, жобасы дайындалды.

Индер ауданы бойынша Ынтымақ, Аққала, Құрылыс ауылдарына мектеп, Индербор кенті, Жарсуат, Өрлік, Есбол ауылдарына дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, Бөдене, Есбол ауылдарында мәдениет үйлері салынды.

Исатай ауданы Аққыстау ауылында 165 жер теліміне инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізілді, дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды. Осындай жұмыстар басқа да елді мекендерде атқарылып жатыр.

Ескі қала аумағы жоспарына өзгеріс енгізілді ме? Онда биыл қандай жаңа нысандар бой көтермек? Бұрын ескі қалада көшелерді кеңейту қарастырылған, ал шығыс бөлігі демалыс аймағына арналған. 7 балабақша мен жалпы білім беретін 6 мектеп және 1 емхана, сондай-ақ, ірі мәдени орталықтар, сауда ойын-сауық орталықтары мен спорттық нысандар салу жоспарланғаны айтылды. Жоспар қалай жүзеге асып жатыр? Бүгінде ескі қалада қанша үй, ғимарат сүріледі? Тұрғын үй кешенін оның қай тұсында салу жоспарланған? Мәдени мұраға жатқызылған көне ғимараттар тағдыры не болмақ?

- Атырау қаласының ескі бөлігінің (Бейбарыс даңғылы, Құрманғазы, Құлманов көшелері мен Жайық өзені аралығында орналасқан 300 гектар аумақ) егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы 2021 жылғы 15 қаңтардағы Атырау қаласы әкімдігінің №56 қаулысымен бекітілді. Бекітілген егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы өзгертілген жоқ.

Егжей-тегжейлі жоспарлау жобасының сәулеттік жоспарлау шешімдеріне сәйкес, қаланың ескі аумағында орналасқан ірі бизнес нысандарын (мейрамхана, сауда орталықтары және т.б.) қалдыру көзделген. 

Минималды деңгейдегі жасыл желектер учаскесінде негізгі көгалдандыру Жайық өзенінің жағалау аймағының аулалық аймақтарындағы жемісті ағаштармен толтыру ұсынылған.

Жобаланған аумақта 7 тарихи-мәдени мұра объектілері орналасқан. Атап айтқанда (кестені қараңыз):

1.

ХІХ - ХХ ғасырлардағы Орал мейрамханасының ғимараты (көпес Тудаковтың бұрынғы дүкені).

Әйтеке би көш., 39

2.

ХІХ ғасырдың «РЕНКО» мейрамханасының ғимараты (бұрынғы сауда- тұрғын үйі).

Б. Жарбосынов көш., 4

3.

ХІХ ғасырдың аяғы - ХХ ғасырдың басындағы «Болашақ-К» диагностикалық орталығының ғимараты.

М. Исенов көш., 48

4.

ХХ ғасырдың басындағы екі қабатты ғимарат (бұрынғы сауда-тұрғын үйі)

С. Балғымбаев көш, 42

5.

1883 жылғы Успен соборы (көпес Федот Тудаков пен оның әйелі Ирина есебінен салынған).

И.Тайманов көш., 4

6.

1920 жылы алғашқы Революциялық Комитет орналасқан Азаматтық қорғаныс штабының ғимараты

(сауда-тұрғын үйі) ХІХ ғасырдың аяғы - ХХ ғасырдың басы.

С.Балғымбаев көш.,61 (бұрынғы Пугачева көш.)

7.

1917 жылы ХІХ ғасырдағы алғашқы депутаттар кеңесі орналасқан емхананың ғимараты.

Б. Жарбосынов көш, 16 (бұрыңғы 1-ші Депутаттар үкіметі көш.,16)

Бұл тізім Атырау қаласындағы жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштердің мемлекеттік тізімі.

Жобаланған аумақ қаланың орталық бөлігіндегі Бейбарыс даңғылы, Құрманғазы көшесі, Құлманов көшесі және Жайық өзені аралығында орналасқан, басым бөлігін тозығы жеткен ескі құрылыстар алып жатқан аумақта орналасқан. Қолданыстағы тұрғын үй қоры 459,2 мың шаршы метрді құрайды. Жобамен  228,8 мың шаршы метр 1976 үйді бұзу жоспарланып, орнына 1132,9 мың шаршы метр немесе 5-12 қатарлы заманауи 156 тұрғын үй салу ұсынылады. Бұл аумақта шамамен 56,3 мың адам қоныстанады деп жобаланып отыр. Оның ішінде жаңадан 45,3 мың адам қоныстанады. Қажетті білім беру, денсаулық объектілері нормативке сай есептелді. Аумақтағы болжамды бала санына сәйкес 9 балабақша қажет (біреуі қолданыста бар, жобамен сегізін салу керек), 7 мектеп қажет (үш мектеп бар, төртеуін салу керек); балалар орталығы; емхана салу ұсынылып отыр.

Сонымен қатар, шағын орталықтар, мәдени және демалыс орталықтары, спорт кешендері, мейрамхана, дүкен, саяжолдар мен жайлы алаңдар, саябақтар, сауда-ойын-сауық орталықтарын салу ұсынылды.

Бұл нысандар тек жобаланатын аумақтың тұрғындарына ғана емес, барлық қала тұрғындарына қызмет көрсетеді.

Қазіргі уақытта 18 га аумақта орналасқан тұрғын үйлер бұзылды; 2000 орындық мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Достық үйінің жобалау-сметалық құжаттамасы дайын.

- Бұрын Тұңғыш президент саябағы делініп, кейін жай саябақ болатын нысанды салу жоспары қалай жүзеге асып жатыр?

- Қазір саяқбақтын жобалау сметалық құжаттамасы дайындалып, биыл құрылыс жұмыстарын бастау жоспарланып отыр. Бұл субұрқағы, балалар ойын алаңы, спорттық-жаттығу алаңы  және т.б. бар заманауи саябақ болады. 

Айнұр САПАРОВА

20 ақпан 2023, 10:03

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.