Атырау, 28 қараша 12:58
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Атыраулық тасымалдаушылар: «Билік жолаушылар үшін көп жеңілдік енгізді, бірақ оларды төлегісі келмейді»

1 003 просмотра

Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасында Көлік және логистика комитетінің отырысы барысында жолаушылар тасымалы саласындағы мәселелер талқыланды. Тасымалдаушылардың айтуынша, өткен жылы жергілікті атқарушы органдар жеңілдік берілген жолаушыларды тасымалдау үшін субсидия ұсыну туралы шешім шығарды. Алайда ол әлі күнге дейін орындалмай, соның салдарынан тасымалдаушылар үлкен шығынға ұшырауда.

«Атырау қ. жолаушылар тасымалы қауымдастығы» ҚБ төрағасы Жасұлан БИСЕНОВТІҢ айтуынша, Атырауда өзге өңірлермен салыстырғанда қоғамдық көлікте жүруге ең көп жеңілдік берілген - 10 позиция. Сонымен қатар, біраз жыл бойына тиісті нормативтік құқықтық актіде бірде-бір құжат бекітілмеген, жолаушы тасымалдайтын компаниялармен ауызша келісім ғана болған.

– Осы себепті тасымалдаушылар бірнеше жыл бойы ешқандай төлем алмастан, шығынмен жұмыс істеді. Бірнеше рет жергілікті атқарушы органдарға жүгіндік, нәтиже болмады. Өткен жылы Атырау қаласының прокуратурасы қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне біздің мәселеміз бойынша заң бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым шығарған болатын. Сонымен қатар, Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасы сараптамалық қорытынды түрінде өз ұстанымын прокуратураға жолдады. Міне, содан кейін ғана бірлескен жұмыстың арқасында «Атырау қаласы азаматтарының жекелеген санаттары үшін қалалық және қала маңындағы қоғамдық көліктерде (таксиден басқа) жеңілдіктер белгілеу туралы» қалалық мәслихат қаулысының жобасы қабылданды. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдар тасымалдаушыларға субсидия беру туралы шешім қабылдады. Алдағы уақытта қаржыландыру мәселесі қаралады деп уәде берді, бірақ әлі уәдесін орындаған жоқ, - деді Ж.Бисенов.

Палатаның құқық блогының сарапшысы Орынжан РЗАБЕКОВ мәслихат қаулысының жобасы оларға өткен жылдың жазында келіп түскенін, ол бойынша Палатаның оң қорытындысы берілгенін айтты.

- Осыған қарамастан әлі күнге дейін жоба мемлекеттік тіркеуден өтпеді, дегенмен барлық мерзім әлдеқашан өтіп кетті. Қаржыландыру мәселесі де жыл соңында мәслихат сессиясында қаралады деп жоспарланған болатын, бірақ қаралмады, - деді О.Рзабеков.

Палата қалыптасқан жағдайдың себебін анықтауды жөн көріп, әкімдікте сауал жолдады.

Сонымен қатар, жиында әуе тасымалдаушылары сөз сөйледі. Олар үшін бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселе – әуежай ғимаратын кеңейту. Бұған қоса, оларды жанар-жағармайдың қымбаттығы, тендер рәсімдерінің тым ұзаққа созылуы және басқа да мәселелер алаңдатады.

Дайындаған Айнұр САПАРОВА

17 ақпан 2023, 17:15

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.