Атырау, 2 қазан 13:23
 ашықВ Атырау +16
$ 480.11
€ 532.25
₽ 5.14

Қолайсыз ауа-райы №30 мектептің оқу процесін бұзды

Сурет
1 377 просмотра

Атырау қаласындағы №30 мектеп-гимназиясының оқушылары өз білім ошағына қашан оралары белгісіз. Себебі, төбе жабындысының осалдығынан оқушылар 16 ақпаннан бастап қашықтан оқытуға жіберілді. Оқу жылының аяқталуына 3 айдан астам уақыт қалса да, аяқастынан мұндай шешімге келу мектеп әкімшілігіне де оңай соқпағаны анық.

Азғана мән-жайға тоқталсақ. 1200 орындық мектеп-гимназия ғимараты 2002 жылы пайдалануға берілді. Осы уақыт ішінде бірде-бір рет күрделі жөндеу көрмеген. Алайда шатырдың осалдығынан бұрыннан су кететін көрінеді. 2017 жылы аз ғана жөнделді, бірақ қар жауған ылғалды күндері төбеден су кету тиылмай тұр.

- Жай жөндеу жүргізілгенімен шатырдан су кету тоқтаған жоқ. Төбедегі жапсырмалар ылғалдың салдарынан өзінен-өзі түсе бастады. Бұл оқушылар өмірі үшін қауіпті еді. Тіпті ата-аналар да алаңдаушылық білдіре бастады. Бұған дейін күрделі жөндеу қажеттігін айтып, облыстық білім басқармасы мен әкімдікке хат та түсірдік. Міне, өздеріңіз білесіздер, амал жоқ, оқушыларды қашықтан оқытуға тура келді, - дейді № 30 мектеп-гимназия мектеп директорының міндетін атқарушы Айгүл ЖАНАЗАРОВА.

Енді 2 мыңға жуық оқушы қашықтан оқып отыр. Жалпы ұжымда 150 мұғалім, екі ауысыммен 33 техникалық қызметкер еңбек етеді. А. Жаназарованың айтуынша, техникалық қызметкерлер жұмыста болады, себебі ғимарат төбесінен аққан суды құрғатып тұру керек.

Бұдан бөлек, ол мектепке күрделі жөндеу жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттары дайын екенін айтты. Сараптамадан өткізу үшін 1 млн 605 мың теңге қаржы бөлінген, оның қорытындысынан кейін мектепті толық күрделі жөндеуден өткізу үшін қанша қаржы қажет екені белгілі болады. Әзірге оқушылар  қашықтан оқытылып жатыр, бұл оқу жылы аяқталғанша созыла ма, әлде 30-мектеп оқушылары (онсыз да лық толы) басқа мектептерге орналастырыла ма, белгісіз? Әзірге облыстық білім басқармасы бір шешімге келер емес.   

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттерді түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ 

18 ақпан 2023, 22:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.