Атырау, 28 қараша 12:53
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Экобелсенділерді қылмыстық жауапкершілікке тартамыз деп қорқытып отыр

1 122 просмотра

«Nasar Solutions» ЖШС-нің жергілікті экобелсенділер Оксана МАРТЫНЮК (суретте сол жақта) пен Галина ЧЕРНОВАҒА таққан айыптары әлеуметтік желілерде қоғамдық резонанс тудырды. Оксана Мартынюк өзінің қоғамдық тыңдаулар жөніндегі жазбасы бар болғаны: «Мақаттағы «GPC Investment» ЖШС-нің қуаттылығы жылына 1 000 000 000 м3 газды кешенді дайындау қондырғысы бойынша қоғамдық тыңдаулар» деген бір сөйлемнен тұратынын айтады.

Ол «Nasar Solutions» ЖШС-нің Атырау қаласының кәріз жүйесіне қауіпті химиялық ағын суларды төгу фактілері және облыс әкімдігі мен «Аманат» партиясында лицензияны қайтарып алу жөніндегі талаптары туралы «жалған ақпарат таратуға» қатысты ресми шағымы жөнінде әлеуметтік желідегі парақшасына жариялады.

- «Nasar Solutions» ЖШС он күн ішінде маған бірқатар құжаттарды ұсынуды талап етіп отыр. Егер мен оларды ұсынбасам, ресми түрде кешірім сұрауымды және интернетте, оның ішінде түрлі әлеуметтік желідегі жеке парақшамда «Nasar Solutions» ЖШС-нің іскерлік беделіне нұқсан келтіретін «өз авторлығымдағы немесе басқа тұлғалардың авторлығымен жарияланған барлық жарияланымдарды (цитата) жоюымды талап етеді. Егер мен оларға жауап бермесем, бұл ЖШС-нің ҚР Қылмыстық кодексінің «Көрінеу жалған ақпарат тарату» - 274-бабы бойынша қылмыстық іс қозғау туралы арыз беруге негіз болуы мүмкін. Қоғамдық тыңдаулар диалог алаңы болып табылады. Мәселеге қызығушылық танытқан кез келген адам барып, өз көзқарасын білдіре алады. Ал ЖШС-нің талабы түсініксіз болып отыр, өйткені мен қоғамдық тыңдаудан кейін жалғыз жазба ғана жарияладым. Онда қауіпті химиялық ағын сулардың төгілетіні туралы ақпарат жазылмаған. Мені қандай негізде айыптап, қылмыстық іс қозғаймын деп қорқытып отыр? Жазба астындағы оқырмандарым маған қарсы шағым жазуға кеңес береді, олай етуге менде де негіз бар, - дейді О.Мартынюк.

«Nasar Solutions» ЖШС эко-белсенділерге ресми шағымында өз уәждерін алға тартады.

Еске салсақ, «Nasar Solutions» ЖШС әртүрлі өнеркәсіп саласы үшін жобаларды кешенді басқару саласындағы инженерлік жеткізуші компания болып табылады. 2022 жылдың наурыз айында Құлсары қаласынан 90 шақырым жерде «Nasar Solutions» ЖШС-нің ашық алаңында, жақын маңдағы 20 металл бөшке мен пластик ыдыстарда жалпы алаңы шамамен 2800 шаршы метрді құрайтын тез тұтанатын сұйық қалдықтар өртенді.

Бұл өртке қатысты Экология министрлігінің баспасөз қызметі: «1 наурыз күні сағат 15.20-да Атырау облысының Жылыой ауданындағы «Nasar Solutions» ЖШС-нің Қалдықтарды басқару кешенінің (ҚБК) аумағында өрт шықты. Оқиға орнында ТШО өрт сөндіру қызметі жұмыс істеп жатыр. Атырау облысы бойынша экология департаменті «Nasar Solutions» ЖШС-не қатысты ҚР экология заңнамасының сақталуына жоспардан тыс тексеру тағайындау мәселесін шешуде. Нәтижелері қосымша жарияланады» деп хабарлады.

Кеше Экология министрлігінің баспасөз қызметіне хабарласып, ресми ақпарат алдық: «2022 жылы Атырау облысы бойынша экология департаменті Атырау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының хаты негізінде «Nasar Solutions» ЖШС-не өндіріс қалдықтарының өртену фактісі бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізді. Оның нәтижесі бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі – ӘҚБтК) 336-бабына сәйкес 765 750 теңге сомасында айыппұл салынды.

Тексеру барысында «Nasar Solutions» ЖШС жоғарыда аталған факті туралы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға 2 сағат ішінде хабарламағаны анықталып, ҚР ҚК ӘҚБтК 327-1-бабының 1-бөлігі бойынша жеңілдетілген тәртіппен 306 300 теңге сомасында әкімшілік айыппұл салынды. Сонымен бірге, қауіпті және қауіпті емес қалдықтардың жинау және уақытша жинақтау кезінде араласатыны анықталып, ҚР ӘҚБтК 344-бабының 3-бөлігі бойынша жеңілдетілген тәртіппен 765 750 теңге әкімшілік айыппұл салынды.

Сондай-ақ қалдықтарды басқару бағдарламасында үшінші тұлғалардан алынып түзілген қалдықтардың құрамы туралы ақпараттың жоқтығы анықталды, ҚР ӘҚБтК-нің 344-бабының 4-бөлігі бойынша 459 450 теңге әкімшілік айыппұл салынды.

Бұдан басқа, тексеру барысында «Nasar Solutions» ЖШС-нің қауіпті қалдықтар паспорттарын әзірлегені анықталды, алайда, қауіпті қалдықтардың коды 06.08. 2021 жылғы №314 бұйрыққа сәйкес келмейтіні анықталды. Соған сәйкес, ҚР ӘҚБтК-нің 324-бабының 1-бөлігі бойынша жеңілдетілген тәртіппен 153 150 теңге әкімшілік айыппұл салынды.

Қазіргі уақытта департамент салған айыппұлдар толығымен мемлекет пайдасына өндірілді».

Зульфия НОМАД

17 ақпан 2023, 14:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.