Атырау, 28 қараша 12:46
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

​Спорт жаңалықтары

Сурет
1 074 просмотра

Белградта 11-18 ақпанда ересектер арасында ММА бойынша әлем чемпионаты өтті деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі. Жарысқа 60 елден 628 спортшы қатысты. Қазақстан атынан ММА ұлттық құрамасының 33 мүшесі өнер көрсетті. 

- Қазақстан ұлттық құрамасы сапында 52,2 келі салмақта атыраулық спортшы Ерұлан Қабдолов сынға түсіп, қола жүлдеге ие болды. Бұл Ерұланның әлем чемпионаттарындағы бесінші жүлдесі, - деді облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржауған Төлеуова. 

Айта кетейік, осы ММА бойынша ересектер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы командалық есепте екінші орынды иеленді.

* * * * *

Португалияның Алмейда қаласында нашар көретіндер арасында J2 санаты бойынша жарыстар өтті.

Токиодағы Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері балықшылық Әнуар Сариев финалда Грузиядан келген қарсыласын 11 секундта жеңіп, алтыннан алқа тақты.

* * * * *

Астанада каратэден жастар мен жасөспірімдер арасында ел чемпионаты өтті. Оған 15 облыстан 500-ден астам спортшы қатысты. Мұнда Атырау облысының құрамасы 2 алтын, 1 күміс және 4 қола алқаға қол жеткізді.

Алтын алқаны Нұрберген Дамир (16-17 жас, 76 келіге дейін) және командалық катада 14-17 жас аралығындағы қыздар (Гүлзада Рахметова, Наргиз Багитова, Перизат Өтегенова және Гүлзада Дәндібай), күміс алқаны Ұлмекен Жалғас (18-21 жас, 68 келіден жоғары) жеңіп алды. Қол алқа Алина Сұлтановаға (16-17 жас, 48 келіге дейін), Сағынғали Асылханға (18-21 жас, 60 келіге дейін), Олжағали Расулға (16-17 жас, 61 келіге дейін), сонымен қатар командалық катада жасөспірімдерге (Мұрзабек Әлішер, Әбілқайыр Аян және Александр Багитов) бұйырды.

* * * * *

Ыстамбұлда TURKISH OPEN Para-G-1 халықаралық турнирі өтіп, атыраулық паратаэквондошы Әлішер Ғариполлаев алтын жүлде жеңіп алды.

Финалда ол Өзбекстан өкілімен кездесіп, 12-2 ұпай санымен жеңіске жетті. Қазір Әлішер мамыр айында өтетін әлем чемпионатына дайындалып жатыр.

* * * * *

Осы жолғы ҚР Спартакиадасы күрес турнирінен басталды. Ол Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде өтті.

«Классикада» Атырау облысы құрамасының жалғыз қола жүлдесін 77 келіге дейінгі салмақта Қаһарман Қисметов әкелді. Еркін күресте 79 келіге дейінгі салмақта Болат Сақаев алтын алқа тақты. Әйелдер күресінде бізден ешкім қатыспады.

* * * * *

2010-11 жылғы жасөспірімдер арасында баскетболдан Қазақстан кубогын №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің командасы (Авангард-4) жеңіп алды (жаттықтырушы С. Торғаев).

Бұл команда көп ұзамай Щучинск қаласында өткен қысқы ел чемпионатына барып, тағы да алтын жүлдені қанжығасына байлады. Шағын топтағы алғашқы кездесуде Ұлытау облысының командасы 102:16 есебімен жеңілсе, одан кейін қарсыластары - Жетісу (86:41), БҚО (44:30) және Шымкент (88:8) командалары жеңілді.

Плей-офф кезеңінде Түркістан облысындағы құрдастарымызды (48:28), одан кейін қостанайлықтарды (69:24), финалдық кездесуде алматылықтарды 75:26 есебімен ұттық, - дейді команда бапкері Саламат Торғаев.

* * * * *

Атырау облысының 2006 жылғы жасөспірімдер құрамасы еркін күрестен екі халықаралық турнирде көзге түсті.

Бішкекте өткен халықаралық турнирде Бисер Жансерік (45 келіге дейін) пен Аманжол Ілияс (81 келіге дейін) жеңімпаз атанды. Қола медальдарды Асхан Нұрәкім, Алпысбай Наурызбай, Ербол Маратұлы және Арсен Курьеров әкелді.

Ал Бакуде өткен КСРО спорт шебері Альберт Исаевты еске алуға арналған турнирде Н.Сейілбеков (71 келіге дейін) үздік атанса, А.Ілияс күміс жүлдегер атанды. Спортшыларды жаттықтырушылар Д.Хабдулов, Ғ.Өтепов, Н.Әлжанов, Т.Исламғазиев, А.Омарғазиев және А.Лекеров жаттықтырды.

* * * * *

Оралда паратаеквондодан ҚР Кубогы өтті.

Атыраулық қатысушылардан Ғибратжан Бақберген (58 келіге дейін), Жанболат Қазиев (80 келіге дейін) және Әлішер Ғариполлаев (80 келіден жоғары) Кубок иегері атанды. 80 келіге дейінгі салмақта Нұрлан Домбаев күміс жүлдегер атанды.

* * * * *


Құрманғазы ауданында аудан спортының дамуына сүбелі үлес қосқан ардагер, жергілікті тұрғын Амангелді Меңдалиевтің туған күніне орай шайбалы хоккейден турнир өтті.

«Ардагерлер I», «Ардагерлер II» ардагерлер командасы, «Жастар» жастар командасы және Еңбекші ауылының тұрғындарынан құралған «Еңбекшілер» командалары бақ сынады.

Турнир нәтижесінде бірінші орынды «Ардагерлер-ІІ» командасы, екінші орынды «Ардагерлер-І», үшінші орынды «Жастар» командасы иеленді. «Үздік ойыншы» болып Марал Арыстанбек, «үздік қақпашы» болып Тілекқабыл Шамашев, «үздік қорғаушы» болып Айбек Шаждекеев танылды.

Айта кету керек, Құрманғазы ауданында шайбалы хоккей айтарлықтай жақсы дамыған. Ол жерде осыдан 15 жыл бұрын пайда болған, содан бері аудан құрамасы бірнеше рет облыстық, республикалық турнирлерде жоғары орындарды иеленді.

Суретті Құрманғазы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынды

Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ пен Ләззат ҚАРАЖАНОВА

17 ақпан 2023, 12:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.