Биыл Атырау қаласындағы Береке ықшамауданында дәрігерлік амбулатория пайдалануға беріледі.
Елімізде «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында, аймақта жұмыс істеп тұрған емханалар базасы арқылы отбасылық денсаулық сақтау орталықтарын ашу міндеттелген болатын. Осы орайда халыққа жайлы қызмет көрсету үшін Береке ықшамауданында медициналық көмектің 15 минуттық қолжетімділігін іске асыру көзделген. Жаңа емдеу мекемесі күніне 50 адамды қабылдай алады. Қазір құрылыс жұмыстарының 95 пайызы атқарылып, осы жылдың сәуір айында толығымен аяқталады деп жоспарланып отыр.
- Осы уақытқа дейін бұл ықшамаудан тұрғындары №3 емханаға қаралып келді. Амбулатория жұмысын бастаған уақытта 8500 адам тіркеуде болады, - деді Атырау қалалық №3 емхана директоры Айман ӨТЕГЕНОВА. - Онда 5 жалпы тәжірибелі дәрігерлік участок, 2 акушерлік участок, 25 кереуетке арналған күндізгі аурухана, физиотерапия бөлімі, оңалту бөлімі болады.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Сурет ӨКҚ