Бүгін Атырауда ауа температурасы +1 градусты көрсетіп, көпқабатты үйлердің төбесінде бірнеше күннен жатқан қар мұзға айналып, жерге түсе бастады. «Үйдің алдына шығуға қорқамыз», «көпқатарлы тұрғын үйдің астында орналасқан кеңсемізге тұрғындар кіре алмай жүр» деген шағыммен «АЖ»-ға бірнеше тұрғын хабарласты. Олар мұндай жағдайда шатырдан үзіліп тұрған мұзды кім тазалайтынын білмейді.
- ПИК-ке айтсақ ТЖД-не хабарласыңдар дейді, ал ол болса 109-ға айтасыңдар дейді, ал 109 қайтадан ПИК-ке сілтеп, футбол ойнап отыр. Таңертең жұмысқа келе жатқанда арқама тастай мұз құлап түсті, басыма түскенде не болар еді,- дейді Азаттық даңғылы №6 үйден хабарласқан кеңсе менеджері Раушан Зайдуллина.
10 метрден аса биіктіктен түскен мұз көпқатарлы үйлердің астында орналасқан кеңселердің маңдайшаларын да сындырған.
Азаттық даңғылындағы аталған үйлерге «Кенже» ПИК-і жауапты. Мекеменің шебері Сүлеймен ЖЕКСЕНҒАЛИЕВТЫҢ айтуынша, ПИК шатырдың үстіндегі қар мен мұзға жауап бермейді:
- Төбеге шығу үшін арнайы мамандар, техникалар қажет. Біз тазалық пен жылы суға жауап берміз. Себебі бізде альпинистер жоқ, сантехник пен аула сыпырушыны шатырдың төбесіне шығара алмаймыз.
Атырау қаласы тұрғын үй инспекциясының басшысы Қайрат ХАБИЕВ те ПИК-тердің жауабын мақұлдады:
- Мұндай жағдайда атқарылатын жұмыстар тұрғындар мен ПИК арасындағы келісімшартта қаралып, тарифке енгізілген болуы шарт. Немесе тұрғындарды бірлестіріп қосымша қаржы жинау арқылы шешіледі. Қазіргі кезде қала әкімдігі бұл мәселені біліп отыр, қосымша техника бөлуді қарастырып жатыр. Себебі төбеге шығу үшін арнайы мамандар мен арнайы техника қажет. Ал ПИК қауіпті жерлерді лентамен қоршап, қауіпсіздік шараларын қарастырады.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор