Атырау, 28 қараша 13:28
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Көше тазалаушының еңбегін бағалайық

Сурет Бейнежазба
1 465 просмотра

Атырауда толассыз жауған жауын-шашын көше тазалаушылардың жұмыс кестесіне түзетулер енгізді: бұл уақытта олар тәулік бойы жұмыс істеуге көшті. Аязға, жауған қарға, лайсаңға қарамастан олар таң атқаннан күн батқанша далада жүр. «АЖ» тілшісі «Арнаулыавтобаза» ЖШС қызметкерлерінің ерен еңбегі туралы баяндайды.

Шырын ТАСЫМБЕТОВА, 59 жаста. 2010 жылдан бері ЖШС-де көше тазалаушы болып жұмыс істейді.  2011  жылы Қазақстан азаматтығын алып, қазір отбасымен Атырауда тұрып жатыр. Самарқандтан телефонист мамандығын бітірген. Кейін ауылында мамандығы бойынша жұмыс жасауға мүмкіндік болмаған, туған ауылында оны жақсы тоқымашы ретінде біледі.

- Жолдасымның әке-шешесі 2003 жылы еліміз шетелдіктерге квота берген кезде осы қалаға келіп, азаматтық алған болатын. Артынан жолдасым да көшіп келіп осында жұмысқа орналасты, ол - №5 маршрутта жүргізуші. Кейін бала-шағаммен бірге өзім де келдім. Атыраудың ыстығына да ызғар желіне де үйреніп кеттік. Ең бастысы үстіміздегі киім жылы. Барлығын мекеме береді. Еңбегіміздің ақысын уақытында аламыз. Тұрмыс болған соң несиеміз де жоқ емес, дегенмен бәріне жеткізуге тырысамыз. Бүкіл отбасымызбен көп жылдан бері қала игілігі үшін еңбек етіп келеміз, – дейді Шырын.

Шырынның ұлы дүкендерге нан жеткізуші болса, қызы «Арнаулы автобазада» бригадир болып жұмыс істейді екен. 5 немересі бар, алды студент.

- Ауылымызға жылына екі рет барып тұрамыз. Ол жақта өзімнің туысқандарым, бауырларым тұрады. Енді 3 жылда зейнеткерлікке шығамын, жасымыз үлкейгенмен көше тазалаудан қиындық көріп жүрген жоқпын. Тек тұрғындарға айтарым, сусындардың ыдысы мен қағаздарды жол бойына, арықтарға тастап кетпей, арнайы жәшіктерге салса, бізге де біраз қолдау болар еді, - дейді ол.

Учаске басшысы Жаңылсын ҚАДИЕВАНЫҢ айтуынша, сол жақ жағалаудың тазалығын қадағалайтын отыз жұмысшы бар. Бұл орталық көпірден бастап драма театр аумағы, Тұрғындар қалашығы және Маслопромға дейінгі аумақ.

- Қарамағымдағы жұмысшылардың барлығы да Қарақалпақстаннан келгендер. Арасында ерлі-зайыптылар да бар. Әдетте, қызметкерлер  4-5-уі бірігіп, өздерінің қарайтын аумақтарынан пәтер жалдап тұрады. Жұмыстары таңертең 7-ден кеші 7-ге дейін. Қазір қардың көп түсуіне байланысты кезектесіп, тәулік бойы жұмыс істеуде, - дейді ол.

Оразгүл Амитова, 52 жаста. Мамандығы медбике. Атырауға келгенше Қарақалпақстанның Қоңырат ауылындағы емханада 23 жыл жұмыс істеген.

- Осы жерге  келгеніме 6 жылдан асты, күйеуіммен бір бөлмелі пәтер жалдап тұрамыз. Алдымен бұл жаққа жолдасым келіп, «Спецавтобазаға» көше тазалаушы болып жұмысқа орналасты. Кейін қасына мен де келдім, қазір бірге жұмыс жасаймыз. Бала-шағамыз ауылда қалды. Оларға жылына 3-4 рет барып тұрамыз. Шүкір, жалақымыз жетеді, кейде ақша жіберіп тұрамыз. Жақында балаларымыздың қасында 2-3 ай болып, сағынышымызды басып келдік, - дейді Оразгүл. - Үш баламыз бар. Өкінішке орай, үлкенін оқытып, мамандық алып беруге мүмкіндігіміз болмады. Ортаншысын мұғалімдікке оқыттық. Ауылда мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ береді. Кенже баламыздың саулығы тартпайды, бірақ бәрі реттеледі деп сенемін, - дейді ол. - Еңбекақымыз 130 мың теңге, уақытында беріледі. Биыл тағы 20 пайызға өсірді. Ауылдан жақында келдік. Көбейген еңбекақымызды осы айда аламыз. Қызметімізге шағымымыз жоқ, жұмыс өзімізге ұнайды.   

Әдетте, біз атыраулықтар осы еңбекқор жандарға көңіл бөле бермейміз. Қыста қолына күрек, жазда сыпырғыш пен шүберек ұстап, күн сайын ауа-райының қолайсыздығына қарамастан, қаламызды таза ұстауға жұмыстанады. Қатты шаршаса да, ауыр жұмысына қарамастан, өздеріне «рақмет» деген қарапайым ғана жақсы сөзді айтатын өткіншіге үнемі жылы жүзбен жымияды.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор 

14 ақпан 2023, 17:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.