Теңіз кенішіндегі «Сенімді құрылыс» «Теңізшевройл» ЖШС мердігер компаниясы жұмысшыларының ереуілі 11 ақпанда түнгі сағат 23.00-де аяқталды. Бұл туралы «АЖ» тілшісіне Атырау облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Игілік ӘУБӘКІРОВ хабарлады. Оның айтуынша, қазір мұнда ТШО-ның жергілікті атқарушы басқармасы мен басшылығы құрамында, сондай-ақ мердігер компанияның өзінде арнайы құрылған штаб жұмыс істейді.
Еске салсақ, 11 ақпанда сағат 10.30-да «Сенімді құрылыс» ЖШС мердігерлік компаниясының жұмысшылары жалақыны 20 пайызға көтеру, сондай-ақ оларға «инфляцияға қарсы» 500 мың теңге төлеу талаптарымен митингке шыққан болатын. Сонымен қатар, олар вахтаны қазіргідей 28 күн емес, 14 күн жасауды талап етті.
Кешке қарай «Senimdi Kurylys» ЖШС директорының жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары Жазира ӘНЕСҚЫЗЫ «АЖ»-ға олардың компаниясы осы жылдың қаңтар айынан бастап бүкіл қызметкердің жалақысы 8,4 пайызға өсірілгенін, ал инфляцияға байланысты ақпан айының жалақысына 10 наурызға дейін бір жолғы 300 мың теңгенің төленетінін айтты. Бірақ жұмысшылар біржолғы бонус ретінде 500 мың теңге төлеуді талап етеді.
«АЖ»-ға анағұрлым «ұсақ» тағы екі талап туралы белгілі болды: бізге белгісіз себептермен өндірістік бөлімдегі менеджер екі әйелді жұмыстан шығару, сонымен қатар жатақханадағы «казармалық» 2 деңгейлі кереуетті алып тастау және әр адамды бөлек кереуетпен қамтамасыз ету.
Кешке компания қызметкерлерінің бірі, видео авторының растауынша, «АЖ»-ға бірнеше полиция көлігі мен автобустардың Теңізге қарай бет алғаны бейнеленген видео жіберді. Кейін ол митингтің жалғасып жатқанын, полициямен бірге ОМОНдықтардың шерушілерді бақылап отырғанын айтты.
Кеше компанияның шешімін өзгертпегені белгілі болды. Компания директорының орынбасары Жазира Әнесқызының айтуынша, компания жұма күні кешке инфляцияға қарсы біржолғы төлемдер туралы шешімді барлық жұмысшыға бір уақытта хабардар етіп, түсіндіруге үлгермеген. Жұмысшылардың наразылығына әлеуметтік желіде ТШО барлық қызметкерге 500 000 теңгеден төлеп жатыр деген жалған ақпарат себеп болғанын айтады. Оның айтуынша, бұл сома ТШО-ның шағын мердігерлері болып табылатын мұнайсервис компанияларына ғана қатысты.
– Бұл компанияларға жұмысшыларына әрқайсысына 500 мың теңгеден төлеу ұсынылды, бірақ қаңтар айынан бері олар ешкімнің жалақысын көтерген жоқ. Ал біз, келешек даму жобасы аясында үшінші буын зауытын салып жатқан ТШО-ның барлық алты ірі мердігері бірауыздан ТШО-мен қызметкерлеріміздің жалақысын 8,4%-ға көтеру және 300 000 теңге көлемінде бір жолғы сыйақы төлеу туралы шешім қабылдадық. Біздің компанияда қосалқы мердігерлермен бірге есептесек, 8100 адам жұмыс істейді. Оның дәл жартысы – 4050 адам қазір вахтада. 280-ге жуық қызметкер ереуілге шықты. Біз оларға кеше кешке компанияның жалақыны 8,4%-дан жоғары көтере алмайтынын және 300 мың теңге көлеміндегі сыйақы өзгеріссіз қалатынын, егер сіз бұл шарттармен келіспесе, басқа жұмыс іздеулеріне болатынын түсіндірдік. Барлығы келісіп, вахта кентіндегі жатақханаларына тарады, – дейді Ж.Әнесқызы.
Ол сондай-ақ олардың өздері ешкімді жұмыстан шығарғысы келмейтінін және жұмыстан шығармайтындарын айтты, өйткені жобаның аяқталуға жақын және жұмыстың 95%-ы біте келген.
Компания келешек кеңею жобасы аясында үшінші буын зауытын салып жатыр.
Айнұр САПАРОВА