Атырау, 28 қараша 13:34
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Қар: штаб құрылды - енді бәрі реттеле ме?

1 324 просмотра

Облыстық әкімдікте өңір аумағын қардан тазарту және қаланы еріген су басуының алдын алу бойынша жиын өтті. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бүгінде Атырауда қар тазалау жұмыстарын жүргізу үшін штаб құрылды. Өткен жиында облыс әкімі Серік ШӘПКЕНОВ қала әкімі Мейірім ҚАЛАУИДІҢ жұмысын сынға алып, жедел штаб құруды тапсырды, орындалмаса орнын босатуды талап етті.

Атырау қаласы әкімінің орынбасары Серік НЫСАНБАЕВ қазір қала аумағы 15 секторға бөлінгенін, олардың әрқайсысында жауапты адам бекітілгенін хабарлады.

– Бүгінде қарды шығаруға 24 мекемеге тиесілі 100 бірлік арнайы техника жұмылдырылды. Бүгінгі таңда қала аумағынан 8090 текше метр қар шығарылып, 137 тонна реагент себілді. Қаланың орталық жолдары мұқият тазартылып, шалғай ауылдарға баратын негізгі жолдар мен әлеуметтік нысандарға кіреберіс жолдар ашылды. Бүгіннен бастап қаланың қалған бөлігінде қар тазалау жұмыстары басталды. Жұмысты жеделдету үшін коммуналдық қызметтерге тағы 50-ге жуық техника қажет, - деді С.Нысанбаев.

«Атырау Жарық» АҚ президенті Мейірбек ҚҰБАШЕВ қалың жауған қар кезінде ажыратылған 33 әуе электр желісінің жай-күйін баяндады.

– Қазіргі уақытта барлық ажыратылған желілер қалпына келтірілді. Аталған қосалқы станса иелері біздің мекемеге құжаттарымен жүгінді, қазіргі таңда барлық мәселе шешілуде. Облыс әкімінің тапсырмасымен арнайы комиссия құрылды. Дүйсенбіден бастап жеке қосалқы станциялары мен әуе желілері бар абоненттерге тексеру жүргізіліп жатыр. Соның негізінде тұрғындарға станцияларды техникалық талапқа сай дұрыс пайдалану жөнінде алдын ала ескерту жасалып, кеңес берілді. Осыдан кейін де жабдық техникалық талапқа сай болмаса, желі ажыратылады, - деді М.Құбашев.

Сондай-ақ облыс әкімдігінің баспасөз қызметі «Қазгидромет» РМК Атырау облысы бойынша филиалының директоры Салауат ТӨЛЕНОВТІҢ 12 ақпандағы және басқа күнгі кезекті қар жаууға қатысты болжамын атап өтті.

- 14 ақпанға қараған түнде облыстың басым бөлігінде қар жауады, күндіз облыстың батысында және солтүстігінде жауын-шашын күтіледі. Болжам дәлдігі - 50-60%. Қызылқоға ауданында қар әлдеқайда аз түсуі мүмкін, - деді С.Төленов.

Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Қайрат НҰРТАЕВ жауапты органдарға мердігер компаниялардың барлық техникасын қар тазалау жұмыстарына жұмылдырып, жұмыс алгоритмін жасап, қала, аудан тұрғындарына ауа райы болжамы туралы алдын ала хабардар етуді тапсырды.

– Соңғы қалың жауған қар бәрімізге сабақ болды. Қар ери бастағанда бізге дайын болу маңызды. Басқарма басшылары күшейтілген режимде жұмыс істеуі керек. Қала, аудан деп бөлінбеу керек. Штаб мүшелері, қандай көмек қажет екенін хабарлауларыңызды сұраймын, біз қолдан келгеннің бәрін жасаймыз, – деді Қ.Нұртаев.

Дайындаған Айнұр САПАРОВА

12 ақпан 2023, 02:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.