«АЖ» тілшісі аудандармен хабарласып, ондағы жағдайларды білген еді.
Жылыой ауданы. Жолдағы қарды тазалау үшін 50-ге жуық жұмысшы,18 техника жұмылдырылған. Құлсары қаласының әкімі Қадыржан АДИНОВТЫҢ айтуынша аудан орталығында тазалықпен айналысатын «ПромЭкология» ЖШС қызметкерлері тәулік бойына жұмыс жасап, жеңіл көліктер мен жолаушылар автобустарының жүйелі жұмысын тоқтатпауға тырысыпты. Құлсарының кейбір мөлтек аудандарында жарық сөніп, бірнеше сағаттан кейін бәрі қалпына келген.
6 ақпанда Махамбет ауданында қар мол түскен. Бүгінде ауданға қарасты 9 ауылдық округтегі ауылішілік жолдардың 80 пайызы қардан аршылған. Аудан тұсындағы аудандарды байланыстырып тұратын үлкен көпірде автокөлік қозғалысының кідіріссіз жүруі үшін күніне екі рет тазалау жұмысы жүргізуде. Жалпы қар аршу жұмыстарына 8 МТЗ тракторы, 5 фронтальды тиегіш, 2 экскаватор, 1 автогрейдер техникасы жұмылдырылған. Елді мекендер: Томан, Есмахан, Көздіқара, Атамбаев, Бала Ораз, Кеңөріске барар жолдар тазартылған. ТЖ қорынан жанар, жағармай қарастылған көрінеді.
Исатай ауданында 7 округке қарасты 16 елді мекен бар. Аудан әкімініңң орынбасары Рашит МУКАНОВТЫҢ айтуынша, қар жауған кезде жарық өшкен. Қызылүй елді мекенінде электр жарығын қалпына келтіруге арнайы бригада жіберілген. Елді мекендермен жол қатынасын жасау үшін арнайы техника бөлінген, қазір аршылған қар далаға шығарылып жатыр.
Құрманғазы ауданында қар аршумен «Ганюшкин Құрылыс» және «АтырауЖолдары» ЖШС-лері айналысуда, олар 11 арнайы техника, 21 жұмысшысын осы іске тартқан. Ең алдымен мектептер, балабақша, аурухана, елді мекендердің кірме жолдарын аршу бірінші кезекке қойылған. Шалғайда жатқан Азғыр өңірімен жол қатынасы үзілмеген.
Мақат ауданының әкімі Ринат ИБРАГИМОВТЫҢ мәлімдеуінше, жағдай тұрақты, бірқалыпты көрінеді. Қалың қар жауған күні тазалау жұмыстары түнгі кезекте жүрген. Қар аршумен «Ақтау НШ» ЖШС-нің 25 жұмысшысы мен жергілікті еріктілер айналысқан. 8 ақпан күні Доссор поселкесінен шыққан үш ер адам 120 шақырым қашықтағы «Өтеміс» кен орнына кетіп, қайтып оралмаған. Бұған облыстық ТЖД араласып, 8 сағаттан кейін табылған.
ИНДЕР ауданы әкімінің орынбасары Әсет ОРАЗҒАЛИЕВТЫҢ айтуынша, тұрғындары кірме және ауылішілік жолдардағы қардан тазалау жұмыстары күні-түні жүргізілген. Оған ауыл тұрғындары - 240 адам мен 10 техника қатысқан. Бүгінде 105 тонна қар тасылған.
Қызылқоға ауданында да қар аз мөлшерде түсуіне орай аса қатты қиындық болмаған.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді түсірген автор