Атырау, 28 қараша 15:45
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

​Ұлттық жоба: Жайлы мектептер еліміздегі оқушы орындарының тапшылығын шешпек

2 036 просмотра

Бүгін, 10 ақпан күні Астанада «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыруға бағытталған қоғамдық тыңдау өтті. Онда жобаның мақсаты мен құны, оны жүзеге асыру мәселелерінен бөлек, жалпы жайлы мектептердің жай мектептерден айырмашылығы, олардың құрылысына бөлінген бюджет қаражатының тиімді пайдалануын және мердігерлер жұмысының сапасын бақылау, құрылысты уақытылы аяқталуын қадағалау мәселелері сөз болды. Бұдан бөлек, мектептерді сапалы өніммен жабдықтау және білікті мамандарды жұмысқа тарту жайы талқыланды.  

Тыңдауға «Жайлы мектеп» жобасының бірыңғай операторы – «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басшылары, сонымен бірге мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ҰКП, бизнестің, салалық қоғамдық бірлестіктердің, қауымдастықтар мен одақтардың өкілдері қатысты. Бұл республикалық жоба аясында 2023-2025 жылдары 2,6 трлн теңгеге 401 жаңа мектеп салынады деп жоспарланып отыр.Оның 183-і ауылдарда, 218-і қалада болады.Жоба үш ауысымды және апатты мектептер мен оқушы орындарының тапшылығы мәселелерін шешуге арналған. Жоба ел бойынша жүзеге асса, 800 мыңнан астам оқушы орындары ашылмақ.

Жоба аясында оқушы орындары тапшы Алматы (63), Түркістан (63) және Маңғыстау (24) облыстарында, сонымен бірге, Шымкент (25), Астана (24) және Алматы (22) қалаларында көптеп салынады деп жоспарланып отыр. Ал, Атырау облысында 12 мектеп салынбақ. Жергілікті биліктің мәліметінше, бұл өңірдегі 25 501 орын тапшылығын жояды.  Қазіргі таңда тоғыз мектептің құрылысы жүретін жер телімі таңдалып, мемлекеттік акт алынған. Атап айтсақ, Атырау қаласы Сарыөзек ауылында 300 орындық орта мектеп,Қызылқоға ауданы Сағыз ауылында, Құрманғазы ауданының Құрманғазы және Ақкөл ауылдарында 600 орындық орта мектеп, Атырау қаласы Жұлдыз-2, Жұлдыз-3, Ақсай-2 ықшамауданында 900 орындық орта мектеп, Жылыой ауданы Құлсары қаласы Атырау ықшамауданында, Атырау қаласы Водниково ауылында 1200 орындық орта мектептің құрылысы салынады. Ал тағы үш мектеп 2024 жылы салынуы тиіс.

Мектептердің ерекшелігі сол, онда ерекше балалар да оқуға жағдай жасалмақ. Арнайы пандустар, лифтілер, арнайы әжетханалар, инклюзивті білім беруге арналған кабинеттер де қарастырылған. Мектептер робототехника, бірнеше зертхналар, би залдарымен және бастауыш сыныптар мен орта сыныптар, мұғалімдерге арналған үш коворкинг бөлмелерімен жабдықталмақ.

Құрылыс кезінде отандық материалдар қолданылмақ. Мердігерлерді таңдау кезінде талап жоғары болмақ. 

Олардың құрылысын салатын мердігерлер ашық конкурста анықталады. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ тендердің өту барысын жеңілдетілген шарттар бойынша өткізуді жоспарлап отыр. Ашық конкурс туралы толық ақпарат арнайы онлайн-платформада 20 ақпанда жарияланады. 

10 ақпан 2023, 18:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.