Атырау облысы бойынша экология департаменті «Ақ жол құрылыс» ЖШС-не жоспардан тыс тексеру жүргізіп, экологиялық заңнама талаптарының бұзылғанын анықтады.
Исатай ауданы, Жанбай ауылы маңындағы ЖШС өндірістік базасында («Ақтөбе-Атырау-Ресей шекарасы» тас жолының қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқан учаскесі) әртүрлі қалдықтар – бетон, темір, ағаш, сұйық майлар жинауға арналған темір бөшкелер табылды. Бұдан басқа, база аумағында әр жерде қоқыс шашылып жатыр, ал қалдықтарды жинайтын арнайы жабдықталған орындар жоқ.
- ҚР ӘҚБтК-іне сәйкес «Ақ Жол Констракшн» ЖШС-не 1 миллион 35 мың теңге көлемінде айыппұл салынды, - деп хабарлады Экология департаментінен.
Тәртіп бұзушыларға өндірістік және тұрмыстық қалдықтарды жинау үшін өндірістік база аумағында арнайы орындарды жабдықтау туралы ұйғарым шығарылды.
Айнұр САПАРОВА