Атырау, 24 қараша 01:53
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Зілзалада қиранды астында қалғандар қанша уақытқа дейін тірі болуы мүмкін?

1 557 просмотра

Түркиядағы жер сілкінісі кезінде үйінді астында қалып қойғандар арасында тірі қалғандарды алып шығу күн сайын азаюы мүмкін. Себебі, қираған ғимараттардың астында ауа жетіспеушілігі мен адамдардың сусыз қалуы жағдайды одан сайын қиындатады.  Azattyq Ruhy тілшісі елордалық дәрігерден қирандының астында қалып қалған адамның, әдетте, жағдайы қандай болатындығын сұрап білді.

«Қирандының астында қалып қойған адамдардың жағдайлары әртүрлі болуы мүмкін. Мәселен, қуыста қалып қалған адамда қоқыныш сезімі басым болады. Ал жарақат алған адамда ең бірінші травматикалық шок болады. Ол кезде адамда тыныс алу жетіспеушілігі туындауы мүмкін. Одан бөлек, өзге қосымша ауруларының салдарынан басқа да жетіспеушіліктер болуы, мәселен жүрек қан тамыры дұрыс жұмыс істемей қалуы мүмкін.
Әдетте жарақаттың ашық және жабық түрі болады. Ашық жарақат алған адамда міндетті түрде қан кетеді. Міне, сондай жағдайда жүрек қан тамырында қан жетіспеушілігі туындайды», - дейді жалпы тәжірибелік дәрігер Айдана Аязбек.

Ал денесіне еш зақым келмей, тек үйіндінің астында шығарға жол таппай қалған адамның тірі қалу мүмкіндігі мол. Алайда оның дүрбелеңге түспей, тек көмек күтіп жатуынан басқа амалы жоқ. Бірақ, сусыз жатқан адамның жүрегі қанша уақытқа дейін шыдауы мүмкін?

«Әркімнің денсаулығы әртүрлі. Кішкентай балалардың ағзасы 85 пайыз, үлкендердікі 75 пайыз судан тұрады. Соның екі пайызы жоғалған кезде адам ағзасында судың жетіспеушігі туындай бастайды. Жалпы адам орта есеппен 3 күнге дейін сусыз шыдай алады. Кей жағдайда одан да көпке дейін шыдауы мүмкін. Ал тағамсыз 1 ай, тіпті кейбірі 3 ай өмір сүре алады. Бірақ сусыз олай ұзаққа бармайды», - дейді маман.

Сондай-ақ, үйінді астында мерт болғандардың бір бөлігі ауа жетіспеушілігінен көз жұмады. Яғни адам алдымен оттегінің жетіспеушілігінен есінен танып, артынша жүрегі тоқтайды екен.

«Ауаның жетіспеушілігінен адам 3 сағаттың ішінде өліп кетуі мүмкін. Ал травматикалық шок алған адам ауасы тар жерде қалып қойса, ол көп дегенде екі күнге дейін өмір сүруі мүмкін. Өйткені адамның ағзасында ауа қоры жоқ», - дейді дәрігер.

Ал бойында клаустрофобиясы бар адамдар тар жерге тап болғанда, әсіресе зілзала кезінде қирандының арасында қалып қойған кезде бірден өліп кетуі мүмкін екен. Бірақ қасында адам болса, оның тірі қалу мүмкіндігі бар.

10 ақпан 2023, 16:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.