Бұралқы ит Индер ауданы Елтай ауылы тұрғындарының зәре-құтын қашырып отыр. Өйткені еркіндік алған иттер қорадағы қойды қырып кетіп жатыр, ал жергілікті тұрғындар ауылда кешкілік көшеге шығуға жүрексінеді.
Ақпан айы басталғалы екі үйдің қорасына түсіп, малына тиіскен жағдай орын алды.
- 5 ақпан күні таңертең малды қорадан аулаға шығарайын деп шыққанмын. Аулаға кіре бергенде екі итті анық көрдім, екі жаққа қарай зып етіп қашып кетті. Бөтен ой жоқ, қораны ашып қалсам сұмдық көріністің үстінен түстім. Өзім бағып-қаққан қойларым қызыл ала қан болып әр жерде теңкиіп жатыр. Бірін тамақтаған, екіншісінің құйрығын жұлып алған, болмаса әбден талап, терісін сыдырып тастаған. Ешкілер аман, олар жарақат алған. Бірақ қасқыр емес, иттің бұлайша малға шапқаны жақсылықтың нышаны емес. Екі қойымды мал дәрігерлері емдеп жатыр, мал болары белгісіз, - дейді ауыл тұрғыны Тойындық ҚҰСАНОВА.
Елтай ауылындағы екінші жағдайда бір қой таланып, екеуі аман қалды.
Айта кетсек, өткен жылдың күз айында иттер Елтайда үш үйдің 20-шақты, ал көршілес Есбол ауылында тұрғындардың ауласына түсіп, 40-тан астам қойын қырып кеткен болатын.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА