Атырау, 28 қараша 15:54
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Екі ТК бойынша сот ісі және «Нұрсая плазаға» қатысты хэппи-энд

1 409 просмотра
"АЖ" мұрағатынан алынған сурет

2022 жылдың қорытындысы бойынша ӨҚК-де өткен брифингте Атырау облысы бойынша Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаментінің басшысы Ерлан ҚАБДИНОВ құрылыс-монтаж жұмыстарының басталғаны туралы 815 хабарлама түскенін айтты. Есепті кезеңде 464 нысан пайдалануға берілген.

«ҚР Кәсіпкерлік кодексіне» сәйкес салынып жатқан нысандардың құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасына, пайдаланылатын құрылыс материалдары мен бұйымдарына 39 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. ӘҚБтК-нің 312-бабы (талаптарды бұза отырып, жобалау алдындағы, iздестіру, жобалау, құрылыс-монтаждау жұмыстарын орындау), 316 (жобалық-сметалық құжаттамасыз құрылыс); 321 (құрылысты техникалық және авторлық қадағалаулар жүргізбей жүзеге асыру); 314 (құрылыс, құрылыс-монтаждау, жөндеу-қалпына келтiру жұмыстарын белгiленген тәртiппен бекiтiлген жобалау құжаттамасынсыз жүргiзу); 463 (хабарлама жібермей құрылыс-монтаждау жұмыстарын орындау) бойынша көптеген заң бұзушылықтар анықталды.

Тексеру қорытындысы бойынша ескерту мен оларды жою мерзімі көрсетілген 13 ұйғарым шығарылып, 78 әкімшілік іс қозғалды. Әкімшілік айыппұлдың жалпы сомасы 45 млн 975 мың 630 теңгені құрады.

Е.Қабдиновтың айтуынша, МСҚБ басқармасы бес мемлекеттік қызмет көрсетеді: іздестіру қызметіне лицензия беру; жобалық қызметке лицензия беру; құрылыс-монтаж жұмыстарына лицензия беру; сараптама және инжинирингтік қызмет көрсететін сарапшыларды аттестаттау; сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы жобаларды басқару бойынша ұйымдарды аккредиттеу.

– Сонымен қатар, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес біздің қызметкерлер бюджет есебінен салынып жатқан әлеуметтік нысандарды жүйелі түрде тексеріп отырады. Қауіпсіздік техникасын сақтамау, атқару-техникалық құжаттаманы дұрыс жүргізбеу (жалпы жұмыс журналдары толтырылмаған, жұмыс кестесі мен жобалар жоқ және т.б.) сияқты кемшіліктер анықталды. Көбіне адами және техникалық ресурстардың жетіспеушілігі байқалады, бұл құрылыстың мерзіміне әсер етуі мүмкін. Анықталған кемшіліктер туралы ақпарат облыс әкімдігінің назарына жеткізіліп, аудан және Атырау қаласының әкімдіктеріне тиісті ұсыныс беріліп жатыр, – деді Е.Қабдинов.

ТҰРҒЫН ҮЙ КЕШЕНДЕРІНІҢ ЖАҒДАЙЫ ТУРАЛЫ

Бұрын хабарлағанымыздай, қазір Атырауда әртүрлі жеке құрылысшылар 43 тұрғын үй кешенін салып жатыр, оларды осы жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл тақырыпқа Е.Қабдинов жеке тоқталды. Оның айтуынша, 10 тұрғын үй кешенінде (ТК-да) рұқсат құжаттардың толық пакеті бар, оның ішінде үлескерлерден ақша тартуға рұқсат; 17 ТК-де құрылысқа барлық рұқсат құжаттары бар, бірақ үлескерден ақша тартуға рұқсаты жоқ; 11-нің құрылыс салуға рұқсаты жоқ.

Жыл соңына дейін Атырауда тағы 27 тұрғын үй кешенінің құрылысын бастау жоспарланып отыр. Е.Қабдиновтың айтуынша, бүгінде олардың қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімімен келісілген эскиздік жобасы бар. Алайда олардан МСҚБ басқармасына құрылыстың басталғаны туралы хабарлама әлі түспеген, яғни құрылыс әлі басталмаған.

Сондай-ақ ол тұрғын үй құрылыс кооперативтері 6 ТК салып жатқанын атап өтті. «Нұрсая Плаза» ТК пайдалануға берілді, «Атамекен тұрғын үй» аяқталу сатысында; қалған төртеуі бойынша («Жібек жолы», «Ақмаржан», «Байсанат» және «Сарайшық») құрылыстың ұзақ мерзімге кету қаупі бар.

– «Жібек жолы» мен «Ақмаржан» ТК бойынша үлескерлер мен құрылтайшылар арасында сот процесі жүріп жатыр. Бұл ретте үлескерлер жаңа инвесторлармен келіссөз жүргізуде.

Үлескерлердің арызы негізінде «Байсанат» тұрғын үй-құрылыс кооперативінің (ТҚК) құрылтайшысы мен «Сарайшық» ТҚК-не қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, – деді Е.Қабдинов. – Қазіргі кезде жаңа инвестордың күшімен және облыс әкімдігінің көмегімен «Нұрсая Плаза» ТК салынып, пайдалануға берілді. Ол 3 блоктан тұрады, үлескерлер саны 180 адам. Мұнда құрылыс 2018 жылы басталды, тұрғын үй кешенін пайдалануға беру 2020 жылға жоспарланған, бірақ 2019 жылдың ортасынан бастап құрылыс қарқыны айтарлықтай бәсеңдеп, кейін мүлдем тоқтап қалды. 2020 жылы пандемия басталғалы бері үлескерлер мемлекеттік органдарға бірнеше рет шағымданып, осы ТК құрылысын аяқтауды талап етіп митингілер өткізді. Енді міне, пайдалануға берілді.

Е.Қабдиновтың айтуынша, ол адал және «күмәнді» құрылысшыларды үнемі бақылап отырады. Құрылыс салушылар туралы ақпарат облыс және қала әкімдіктерінің ресми интернет-ресурстарында және барлық танымал, соның ішінде республикалық интернет-ресурстарда орналастырылған.

– Тұрғын үй-құрылыс кооперативтеріне қатысты мәселеге байланысты тұрғындар қала және облыс әкімдіктеріне салынып жатқан жекелеген тұрғын үй кешендері туралы ақпарат алу үшін жиі хабарласатын болды. Қала және облыс тұрғындарынан салынып жатқан тұрғын үй кешенінен пәтер алмас бұрын құрылыс салушыдан құжаттың толық жиынтығын, әсіресе үлескерлерден ақша тартуға рұқсат құжатын сұрауын өтінемін. Егер бұл құжат бар болса, онда қандай жағдайда да үйдің аяқталатынына сенімді бола аласыз. Құрылыс салушы банкротқа ұшыраса да, мұндай нысандар сақтандырылған. Ал «сақтандыру» қаражаты тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтауға жұмсалады, - деп түйіндеді сөзін Ерлан Қабдинов.

Айнұр САПАРОВА

10 ақпан 2023, 15:42

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.