Атырау, 28 қараша 15:49
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Түркиядағы қаралы күндер

1 376 просмотра

6 ақпанда Түркияның оңтүстік-шығысында бірінен соң бірі 7,7 және 7,6 балдық екі жойқын жер сілкінісі Кахраманмараш, Килис, Диярбакыр, Адана, Османие, Газиантеп, Шанлыурфа, Адияман, Малатия және Хатайда орын алды. Мыңдаған адам қаза тауып, он мыңдаған адам жараланды. Олардың саны күннен күнге көбеюде. Түркия елі бір апталық аза тұтуды жариялады.

Зілзала көршілес Сирияда да болып, ол жерде де көптеген шығын болды. Президент Ердоған жер сілкінісінің ошағы Кахраманмарашпен бірге 10 провинцияға 3 айлық төтенше жағдай жариялады. Интернетті, атап айтқанда, Tiktok және Twitter әлеуметтік желілерін пайдалануға шектеу қойылды.

...Дүмпудің жойқындылығы соншалық, зілзалаға төзімді деп салынған үйлердің түгі қалмай опырылып, тұрғындар үйінді астында қалды. Бірінші дүмпуден аман қалған үйлер екінші дүмпуге шыдамады.

9 ақпанда соңғы мәліметтер бойынша, жер сілкінісінің төртінші күніндегі қаза тапқандардың жалпы саны ресми түрде 16 170 адамға, жараланғандар саны – 64 194-ке, қираған ғимараттар саны – 6444-ке жетті. 

Мәселен, бір Кахраманмараш қаласының жартысына жуығы жоқ болғанын және осы қаланың өзінде халық  саны 1 млн 200-дей екенін ескерсек, қалған 9 қаладан әлі қаншама құрбандар анықталатынын есептей беріңіз. Бұған қоса, ауа-райы да бұзылып, күн суытып, қар, жаңбыр жауып, көмекке жолға шыққандар шұғыл жете алмады. Әуежайда да Стамбулдағы ұшақ рейстері кейінге қалдырылып, кейбір қалаларда ұшақтар ұшпай жатыр.

Қынжынарлық жайт - халықтың басына түскен қиындықтан пайда көріп қалуға тырысып жатқандар жетерлік. Зілзала болған аймақтан қауіпсіз қалаларға кетпек болған жандар қаларалық автобус ақысының шарықтап кеткенін айтады.

Алпауыт елдің өзі бұл зілзаладан есеңгіреп қалды. Төртінші күн болса да әлі құтқарушылар жетпеген жерлер өте көп. Әлеуметтік желіге тікелей эфирден көзі жасқа толып, қиранды астынан туыстарының, таныстарының дауыстары естіліп жатқанын, бірақ бірде бір көмекке келгендер жоқ екенін айтып, көмек сұрауда.

Үйінді астынан аман-есен шығарылғандар қажетті көмек көрсетілмей жатқанын, киім-кешек, ас-су жоқтығын айтып жатыр. Көптеген мемлекеттен, бүкіл елден, қайғыға бей-жай қарамаған жандардан көмек жіберіліп жатқанымен, әлі көмек жетпей жатқан жерлер қаншама. Ал ел басшысы Ердоған қажетті көмек көрсетіліп жатқанын,  жалған хабар таратқандар жазаға тартылатынын ескертуде.

Менің ойымша, бірнеше каналдардың ішінен тәуелсіз Fox каналы ғана шынайы жағдайларды көрсетіп жатыр. Мәселен, осы арнаның тілшілері, тікелей эфирден тілдескен жандар зардап шеккендерге көмек көрсету үшін дәрі-дәрмектер жоқ екенін айтады.  

Төрт күн бойына әлі де үмітін үзбеген жандар суықта қиранды жанында от жағып жылынып, сүйінішті хабар алармыз деп күтуде. Құтқарушылар көрер жарығы бар, аман қалғандарды қиранды астынан шығарып жатыр. Тікелей таратылып жатқан хабарлар арқылы халық қайғының ащы запыранымен қатар, қуаныштың көз жасына да куә болуда...

Айтпақшы, Кахраманмарашта үлкен жер сілкінісі болатынын жылдар бойы ғалымдар Мехмет Куручай мен Наджи Гөрюр ескертіпті, бірақ мұны билік ескермеген.

Гүлжанат КӨШЕНҚЫЗЫ, арнайы «АЖ» үшін Түркиядан

9 ақпан 2023, 18:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.