Атырау, 28 қараша 16:04
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Қар жауды: Орал мен Ақтөбемен салыстырғанда, қаламыз дайын болмай шықты

1 768 просмотра

Атырауда қардың қалың түсуінен кейбір жолдарды уақытша жабуға және кей қоғамдық көліктердің жүруін уақытша тоқтатуға тура келді. Әлеуметтік желі пайдаланушылар “техника қайда?” деп жарысып жазып жатыр. Біз қала тазалығымен айналысатын жалғыз мердігер - “Арнаулы автобаза” ЖШС директоры Алмас ІЗТЕЛЕУОВКЕ тағы хабарласып, осы сауалды қойдық.

Ол мекемеде техника жеткілікті екенін және қар тазалап үлгеріп жатқанын айтады.

- Кеше түнімен жұмыс істеп шықтық. 80 техника жұмылдырылды. Оның ішінде үлкен мекемелер бөлген техникалар да бар. Біздің өзіміздің 40 техникамыз тұрақты түрде жұмылдырылып отыр. Олар - 20 самосвал, сегіз трактор, екі комбинирленген КаМАЗ, жеті жүк тиегіш техника, 6 вакуум КаМАЗ көлігі, - деді А. Ізтелеуов.

Оның айтуынша, былтыр қалалық бюджеттен қала тазалығына 1,8 млрд теңге бөлінген. Бәрі игерілген. Ал, биыл қаңтар мен ақпан айларына бюджеттен 320 млн теңге (оның ішінде тек қар тазалау емес, қоқыс жинау және қала тазалығына кіретін тағы басқа жұмыстар бар) бөлінген. Қала әкімдігінің баспасөз қызметі сауалымызға биыл наурыздан бастап қала аумағын тазалауға 1,7 млрд теңгеге тендер жарияланып, қорытындысын күтіп отыр деп жауап берді.

Жалпы, мекемеде 356 адам жұмыс істейді. Соның ішінде қар тазалауға 220 адам жұмылдырылған. 

КӨРШІЛЕРДЕ ҚАЛАЙ?

Салыстыру үшін біз көршілес өңірлердегі жағдайды біліп көрдік.  "Жайық таза қала" мекемесінің (Орал қаласы) мәліметінше, онда 750 жұмысшы, 180 бірлік техника бар екен. Қар қалың түскен уақытта қосымша 100 техниканы жалға алады. Жалпы 615 шақырым жол тазаланады. Былтыр 253 мың тұрғыны бар (Атырауда – 315 мың) қаланы тазалауға 1,8 млрд теңге бөлінген. Биыл да сол шамадай бөлінеді.

Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Айгүл БӘЙМЕНОВАНЫҢ мәліметінше, 12 мердігердің автожолды қыста күтіп ұстаумен айналысатын 190 техникасы бар. Соның шамамен 130-ы күндізгі ауысымға линияға шығып жүр. 25 бригада бар, соның 6-7-теуі түнде істейді. Автожолды қыста күтіп ұстауға жұмыс істейтін 250-дей жұмысшы бар. Бұл цифрлар тек автожолдарға (барлығы 50 шақырым) қатысты.

СИНОПТИКТЕР АЛДЫН АЛА ХАБАРЛАДЫ

Айтпақшы, 8 ақпан күні облыс әкімдігінде Серік ШӘПКЕНОВТІҢ төрағалығымен өткен жиында Атырауды қардан тазалау мәселесі талқыланды. Атырау қаласының әкімі Мейірім ҚАЛАУИ баяндама жасады. Оның айтуынша, қаладағы әлеуметтік нысандар мен орталық көше, орталық көпірді тазалауға «Арнаулы автобаза» ЖШС-нен 76 техника, 250 жұмысшы жұмылдырылған. 8 ақпанға дейін қаладан 2 мың шаршы метр қар қала сыртына шығарылып, жолға 85 тонна реагент себілді.

Сондай-ақ ауа райының қолайсыздығына байланысты Еркінқала, Дамбы, Қайыршақты ауылдық округтерінің елді мекендеріне қар көп жиналғандықтан қоғамдық көліктер ауылдың ішіне кіре алмады. Қысқа дайындық кезінде бізде арнайы штаб құрылады. Алайда, қазір жұмыс істеп тұрған жоқ.  Кеше әкімдік қызметкерлері мен мердігер мекемелер көшелер мен техникаларды бөлу туралы жиын өткіздік. Қалаға қарасты ауылдық округтерге қысқа дайындық барысында қажетті техника алынды. Бірақ әлі күнге жүргізушісі жоқ. Округтерге құрал-жабдық, техника, қаражат бөлінсе де, әкімдер іске асыра алмай отыр. Оның бәрін өзіміз ұйымдастырып бердік, - деді М.Қалауи. 

С.Шәпкенов қала әкімінің жұмысын сынға алды:

- Қала әкімдігі қар жауатынын бірнеше күн бұрын білді. Синоптиктер алдын ала дабыл қақты. «Штаб жоқ» деген сөз, қалалық әкімдік жұмысында жүйелілік жоқ дегенді білдіреді. Облысқа қарасты барлық аудан өз штабымен жұмыс істеуде. Әркім өзінің функционалдық міндетін білуі керек. Ең бірінші кезекте халық пен қоғамдық көліктер көп жүретін жолдар ашылуы тиіс деп шешім қабылдадық. Алайда жұмыс көрінбейді. Әлеуметтік желіде халық әлі наразы. Алгоритм жасақтап, штаб құрыңыздар. Халықпен кері байланысты күшейтіңіздер! Call-орталықтардың жұмысын жүйелеңіздер.

БҰЛ САБАҚ БОЛА МА?

Содан соң «Арнаулы автобаза» ЖШС директоры Алмас Ізтілеуов есеп берді.

Қалаға алғаш қар жауған кезде қар шығарып үлгердік. Ал екінші жауған кезде өзім де бірге жүріп тазаладық. Алайда кейбір жерде қардың биіктігі жарты метрге жетуі жұмысқа қиындық келтірді. Бұл жағдайға дайын болмауымыз өзімізге де сабақ болды,- деді А.Ізтілеуов.

Аймақ басшысы «Арнаулы автобаза» ЖШС-нің жұмысты жүйелі жүргізе алмай отырғанын айтты:

Маған сырғытпа жауап немесе болмайтын себеп айтпаңыздар. Бізден басқа да қар қалың жауатын аймақтар бар. Өңірімізге қар жаумағанға үйреніп қалдық. Сондықтан техника да, басқасы да дайын емес. Кеше қолда бар техникамен шығам деп есептегенмен, іске аспады. Мен солай есептеймін. Толық күшпен мобилизация істемедіңіздер. Сондықтан бар техниканы шығарыңыздар.

 Айнұр САПАРОВА

9 ақпан 2023, 15:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.