«Арнаулы автобаза» ЖШС директоры Алмас ИЗТЕЛЕУОВТІҢ айтуынша, бүгін қала жолдарын тазалауға 8 қылшақты трактор, құрама 3 КамАЗ, 22 самосвал, қар тиеуге арналған 7 техника және 220 жұмысшы жұмылдырылған.
– Қазір Сәтпаев, Азаттық, Баймұханов орталық көшелерін, әуежайға баратын жолды, Владимирский, Құрманғазы көшелерін тазартып жатырмыз. Көпірлерді реагентпен өңдеуге екі құрама «КамАЗ» кетті, – деді А.Изтелеуов.
Ал облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі бүгін және ертең ауа райының қолайсыздығына байланысты барлық сынып оқушыларының онлайн білім алатынын хабарлады. Кейінірек бірнеше азамат «АЖ»-ға: «Балаларымыз бұл күндері қашықтан қалай оқиды?» деп, үйлеріндегі интернеттің айырылып қалғанына шағымданды.
Сәлден соң Өңірлік коммуникациялар қызметі таратқан хабарламада: «Ауа райының күрт өзгеруіне, қар аралас екпінді желдің соғуына байланысты электр қуатының апатты өшуі жиілеп кетті. Жеке және заңды тұлғалардың балансында тұрған кешенді трансформаторлық станциялардың ішіне қар түсіп, нәтижесінде оқшаулағыштар мен 6/10 кВ сақтандырғыштар жанып кетіп жатыр.
Қазіргі таңда «Атырау Жарық» АҚ-ның 15 жөндеу бригадасы қарды тазалап, қалалық электр желілерін жөндеуде, бес жедел бригада да жұмысқа кірісті. Тұрғындардан туындаған қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауды сұраймыз».
Ал, қазіргі жауған қар мен одан кейінгі жылымық Атыраудың дренаж жүйесі жоқ көп ауданын басып тастауы мүмкін. Әдетте, мұндай жағдайда «Атырау облысы Су арнасы» мен «Арнаулы автобаза» арнайы көліктері көмекке келеді. Алайда, тәжірибе көрсеткендей, бұл мүлікті бүлінуден құтқармайды.
2022 жылғы наурыздағы су басуды еске түсірейік: қаланың барлық ауданында дерлік: қала маңындағы Томарлы, Геолог ауылдарында, Сарықамыс, Өркен, Береке аудандарында, Авангард, Привокзальный тұрғын үй массивтерінде, орталық көшелерде және Сәтпаев, Владимирский, Баймұханов даңғылдарында мол шалшық байқалды.
С.Датов, Берғалиев, Баймұханов, Темірханов, Әбдірахманов, Чайковский, Канцев, Майлин көшелері, Азаттық және Әуезов даңғылдары, Махамбет көшелерінде тұратын тұрғындар зардап шекті.
Айта кетерлігі, дренаждың жоқтығы кез келген жауын-шашынды атыраулықтар үшін сынаққа айналдырады. Ал менің есімдегі ең ауыр кез – 2016 жылдың көктемі. 1 мамыр мен 16 мамыр аралығындағы жауын-шашын мөлшері айлық нормадан 3 еседен асты. Одан кейін әсіресе Сарықамыс, Куйбышев, Гагарин көшелерінің тұрғындарына қиын болды. Қала әкімдігіне су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардан жүздеген өтініштер түсті, көшіру туралы өтініштер де болды. Көптеген қала тұрғындарын Абай, №2, 30, 27, 21, 7, 12 мектеп ғимараттарына уақытша көшіруге тура келді.
Айнұр САПАРОВА
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА