Атырау облысы прокурорының орынбасары Нұржан СЕРІКҰЛЫ тергеу изоляторында болып, қамауға алынғандарды қабылдады.
Облыстық прокуратураның баспасөз қызметінің хабарлауынша, 18 жастағы А., 21 жастағы Д. және 22 жастағы А. жазаны жеңілдетуге әсер етуі мүмкін мән-жайларды түсіндіру өтінішімен жеке қабылдауға жазылған. Үшеуі де ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы бойынша есірткі заттарын сатты деген күдікке ілінген.
Н.Серікұлы «Құқық қорғау органдарының міндеті – есірткінің заңсыз айналымына қарсы тұру, ал сендердің әрекеттеріңе сот баға береді» деп жауап беріп, сот отырысындағы олардың құқықтарын да түсіндірді. Прокуратураның баспасөз қызметі бұл қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланатынын атап өтті.
2022 жылдың статистикасына сәйкес, облыста заңсыз есірткі айналымына қатысты 134 қылмыс тіркелсе, оның 73-і медициналық емес тұтыну, 43-і сату, 11-і өсіру, 7-уі үгіт-насихат немесе жарнама.
Айнұр САПАРОВА