Атырау облысының №13 бірмандаттық аумақтық сайлау округі танымал белсенді азамат Макс БОҚАЙДЫ 2023 жылы 19 наурызға белгіленген Парламент мәжілісі сайлауына үміткер ретінде тіркеуден бас тартты. М. Боқай өзін үміткер ретінде 28 қаңтар күні ұсынған.
Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Азамат АЙМАНАКУМОВ Боқайдың үміткерлерге қойылатын талаптарға сәйкестігін анықтау кезінде, ҚР бас прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Атырау облысы бойынша басқармасынан Макс Боқайдың соттылығы әлі өтелмегені жайлы мәлімет алған. Содан кейін округтік комиссия "ҚР-дағы Сайлау туралы" заңның 4-бабының 4-тармағының 1-тармақшасын алға тартып, оның кандидатурасы парламент мәжілісі депутаттығына үміткер болуға қойылатын талапқа сәйкес келмегенін айтады.
Еске салайық, Макс Боқай былтыр 14 қаңтарда өткен Парламент Сенаты депутаттарының сайлауына осы себеппен кандидат ретінде жіберілмеді.
Атырау облысы бойынша аумақтық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, мәжіліс депутаттығына 10 адам үміткер ретінде ұсынылған. Олардың аты-жөнін Айманакумов тек 18 ақпанда, тіркеу аяқталған соң жарияланатынын мәлімдеді.
Айнұр САПАРОВА