Атырау мұнай өңдеу зауытында тағы да айтарлықтай техникалық ақау орын алды. Осыған байланысты жедел штаб құрылып, Атырау мұнай өңдеу зауыты бас директорының бірінші орынбасары Рахымжан ЖАНҒАБЫЛОВ қызметінен босатылса, кәсіпорынның бас директоры Мұрат ДОСМҰРАТОВҚА қатаң сөгіс жарияланды. Бұл туралы бүгін, 3 ақпанда белгілі болды.
«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ сайтында бүгін Атырауға жұмыс сапарымен келген «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм МЫРЗАҒАЛИЕВ зауытқа барып, 1 ақпанда каталитикалық крекинг қондырғысы тоқтатылғаннан кейін басталған жөндеу жұмыстарының барысымен танысты деп хабарлайды.
Сондай-ақ компанияның баспасөз хабарламасында Атырау мұнай өңдеу зауыты «регенераторлардағы температураның жоғарылауына байланысты» каталитикалық крекинг қондырғысын тоқтатқаны айтылған.
АМӨЗ басшылығының қатысуымен өткен жиында М.Мырзағалиев Басқарма төрағасының мұнай өңдеу және мұнай химиясы жөніндегі орынбасары Арман ҚАЙРДЕНОВТІҢ жетекшілігімен Жедел штаб құруды тапсырды. Айтпақшы, ол 2021 жылдың шілдесі мен 2022 жылдың мамыры аралығында ол «АМӨЗ» ЖШС бас директоры қызметін атқарған. Жедел штаб АМӨЗ жабдықтарындағы ақау толық жойылғанға дейін жұмыс істейтін болады.
Сонымен қатар, оқиға бойынша қызметтік тергеу жүргізіліп, оның нәтижелері бойынша қосымша кадрлық шешімдер қабылданатын болады.
Елімізде отын тапшылығын болдырмау мақсатында М.Мырзағалиев ашық түсті мұнай өнімдерін өндіруді барынша арттыру үшін қазақстандық үш мұнай өңдеу зауытының жүктемесін оңтайландыруды тапсырды.
- Ел басшылығының АМӨЗ-ге қатысты бірнеше рет айтқан ескертулерін, сондай-ақ зауыт жұмысындағы жиі үзілістерді ескере отырып, барынша қатаң шаралар қабылдайтын боламыз. Елде ішкі нарықты мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету мәселесі аса өзекті болып тұрғанда мұндай жағдайға жол беруге болмайды, — деп түйіндеді М.Мырзағалиев.
АМӨЗ баспасөз қызметінің хабарлауынша, А.Қайырденов:
– Бүгінгі таңда зауыттың жұмысын қалпына келтіру жоспары әзірленді. Реактор-регенератор блогын ашу және толық тексеру, сондай-ақ қажет болған жағдайда барлық техникалық бұзушылықты жою қажет. Каталитикалық крекинг қондырғысын тоқтатудың мұнай өнімдерін өндіруге әсерін бағалау жүргізіледі. Қалған қондырғылар қалыпты жұмыс істеп тұр, - деді.
Дайындаған Айнұр САПАРОВА