Қазақстандық Arbat.media басылымы Украинадағы соғыс туралы материалға байланысты РФ Владимир қаласының Ленин аудандық сотына шақырылды. Редакцияға Ресей әскери прокуратурасы шағым түсірген. Сот хабарламасы редакция поштасына келіп түскен. Бұл туралы басылымның өзі хабарлады.
Arbat.Media нақтылағандай, хабарламада басылымның сайтында Украинадағы соғыс туралы «шындыққа сәйкес келмейтін және саяси сипаттағы әлеуметтік маңызы бар жалған ақпарат бар» делінген.
«Қол жетімді ақпаратта Ресей Қарулы күштері құрамындағы адамдардың көптеген шығыны, ресейлік әскердің Украина қалаларының тұрғын үй құрылыстарын атқылауы және Донецк, Луганск халықтық республикалары мен Украина аумағында Ресей Федерациясының арнайы әскери операциясы кезінде бейбіт тұрғындардың өлгені туралы жалған ақпарат бар», - деп жазылған құжат мәтінінде.
Бұдан басқа, хабарламада Arbat.media сайтындағы материалдардың бірі Украинада жүргізіліп жатқан әскери іс-қимылдардың мақсаттары туралы теріс түсінік туғызатыны, Ресейдің ресми ұстанымына қайшы келетіні және «наразылық көңіл-күйін тудыруға бағытталғаны» атап көрсетілген.
«Әңгіме «Российские оккупанты терпят поражение в Харьковской области, но не хотят этого признавать» (2022 жылдың қыркүйегінде шыққан) деген біздің редакцияның материалы туралы болып отыр, - деп нақтылайды басылым.
«Азаттық радиосының» хабарлауынша, бұл Украинадағы соғыс туралы материалға байланысты қазақстандық БАҚ өкілдерін Ресей сотына шақырған алғашқы жағдай. Бұған дейін Ресейдің Украинаға әскери шабуылы басталғалы бері қазақстандық БАҚ-тарға «Роскомнадзордан» материалдарды жою туралы талап қойылған болатын.
Айтпақшы, Украинадағы соғыс туралы ақпаратты жариялау кезінде «Ақ Жайық» газетінің редакциясы «Роскомнадзордан» екі рет осындай хабарлама алды: біріншісінде 2022 жылғы 22 тамызда Евгений Пригожиннің соғысқа қатысуға тұтқындарды тартқаны туралы «Медиазона» мақаласын алып тастауды талап етті, екіншісінде 2022 жылғы 11 қазанда «Ресей Федерациясында таратуға тыйым салынған ақпарат бар» деп, «109-күн.Украинадағы соғыс» туралы хрониканы алып тастауды талап етті.
Бұл бөгде мемлекеттің талаптары болғандықтан, «Ақ Жайық» оларды заңсыз деп санап, елемеді.
«Әділ сөздің» ашық хаты
Arbat.Media-ның ресейлік сотқа шақыртылуына келсек, «Әділ сөз» Ақпарат және әлеуметтік даму министрі Дархан Қадырәлі мен Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердіге ашық хат жолдады.
«Былтырдан бері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркелген және жұмыс істеп жатқан кем дегенде 9 БАҚ-қа Байланыс, ақпараттық технологиялар және бұқаралық коммуникацияларды қадағалау федералдық қызметінен (Роскомнадзор) интернет-ресурстан белгілі бір материалдарды алып тастау туралы талаптар келуде.
Қазіргі уақытта жоғарыда аталған талаптардың орындалмауы салдарынан қазақстандық БАҚ тіпті Ресей Федерациясының мемлекеттік органдарының талап-арыздары бойынша сотқа шақыртулар ала бастады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуын қамтамасыз етуге және ҚР Конституциясымен кепілдік берілген сөз бостандығын қорғау өкілетті. Қазақстанда цензураға тыйым салынған.
Жоғарыда айтылғандарға байланысты Ресей Федерациясының мемлекеттік органдары қандай халықаралық міндеттемелерге сүйеніп, қазақстандық БАҚ пен журналистерді сотқа шақырып жатқанын түсіндіріп берсеңіз? Қазақстан Республикасы Ресей Федерациясының мемлекеттік органдарының жоғарыда аталған әрекеттеріне байланысты қандай шаралар алмақ?» - делінген «Әділ Сөздің» ашық хатында.
Дайындаған Сәуле ТАСБОЛАТОВА