Атырау облысы және Астана қаласының кибер қылмысқа қарсы іс-қимыл қызметі сайт арқылы алаяқтық жасаған күдіктіні ұстады. Бұл туралы Атырау облысы бойынша ПД баспасөз қызметі хабарлады.
Олардың ақпаратына сүйенсек, Астана қаласында жедел-іздестіру іс-шарасын жүргізу барысында 30 жастағы Қызылорда қаласының тұрғыны алаяқтық әрекет жасағаны үшін ұсталды.
- Ол ғаламтор желісінде автокөлік сататын сайттарға (kolesa.kz) жалған жарнамалар жариялаған. Жарнамадағы көлікті сатып алуға қызығушылық танытқан желі қолданушыларынан «жарнаманы алып тастау» үшін алдын-ала қаражат жіберуін сұраған. Алдын-ала төлемді әлеуметтік желіде танысқан қыз-келіншектердің банк-шоттарына аудартып, кейін қоғамдық орындарда өзінің карталарының бұғаттаулы екенін айтып кездейсоқ адамдарға аудартып алып отырған. Қазіргі таңда күдіктіні осындай 10 қылмысқа қатысы бары анықталды, - деп хабарлайды ПД баспасөз қызметі
Атырау, Ақтөбе, Қостанай, Алматы, Астана, Шымкент қаласының тұрғындары алаяқтың құрбаны болған.
Күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы («Алаяқтық») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Дайындаған Айнұр САПАРОВА