«Не молчи» қорының хабарлауынша, Атырауда жеті жасар балаға қатысты зорлық-зомбылық сипаттағы азғындық әрекет жасалған. Қорда баланың өгей әкесінің бауырының өзіне не істегенін көрсеткен видео бар.
Әйелдің өзін жүкті кезінде де, кесар тілігінен кейін де күйеуінің туыстары мен күйеуі ұрып-соғып, күн көрсетпеген. Қорлыққа шыдай алмаған әйел өз-өзіне қол жұмсамақ болған, бірақ дәрігерлер оны аман алып қалды. Алайда ауруханадан шыққан соң тағы да соққыға жығылған. Ал ұлы анасы үшін қорқып, болған жайтты айтпаған. Бірақ әйелдің өзі күдіктене бастапты. Соңында олар жауыздардан қашып кетіп, полицияға арызданған.
Қазір қор бала мен анаға адвокат пен психолог іздеп жатыр - әйел психологиялық тұрғыдан қатты шаршаған, көмекке мұқтаж. Күдікті әзірге қамауға алынған жоқ.
Атырау облысының полиция департаменті осы дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 124-бабы («Жас балаларды азғындық жолға түсіру») бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады. Сот-медициналық сараптама тағайындалды.
Нұргүл БЕКБОЛАТҚЫЗЫ