Пәкістанның Пешавар қаласындағы мешітте жарылыс болып, кемінде 59 адам өліп, 157 адам түрлі жарақат алды. Бұл туралы Азаттық радиосы Dawn басылымына сілтеме жасап хабарлады.
Қауіпсіздік қызметінің хабарлауынша, жанкешті мешітте адам көбейген түскі намаз уақытында өзін-өзі жарып жіберген. Бұл мешітке, негізінен, Пешавар полициясы бас басқармасының қызметкерлері барады. Жарылыстан мешіттің жартысы қирап, аман қалғандар қирандылардың астынан әрең шыққан.
Қазір оқиға орнынанда құтқару жұмыстары жүріп жатыр. Қаза болғандар саны артуы мүмкін. Жарылыс болған сәтте мешітте 500-ге дейін адам болған деп болжанып отыр.
Geo TV арнасының хабарлауынша, бұл терактіні "Техрик-и-Талибан Пакистан" атты жергілікті ұйым мойнына алған. Пәкістанда бұл ұйымның қызметіне тыйым салынған.