Өңірлік кәсіпкерлер палатасында Атырау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының міндетін уақытша атқарушы Ерұлан СЕРІКҚАЛИЕВ жергілікті кәсіпкерлерді қабылдады. Палатаның баспасөз қызметінің хабарлауынша, отырыста мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің әрекеттерінің заңдылығы, сондай-ақ бизнес нысандарына инфрақұрылым тарту мәселелері көтерілді.
Жеке кәсіпкер Айбек ӨТЕҒАЛИЕВ өткен жылы шетелден сол жерде демалыста жүрген кезде жеке пайдалануы үшін көлік сатып алған. Қазақстанға оралған соң әкелінген көліктің барлық қажетті төлемін жасап, оны есепке қойған. Бірақ жақында оған Мемлекеттік кірістер департаментінен 2022 жылдың бірінші жартыжылдығы үшін 3% мөлшерінде ЖАТ төлемін жасау қажеттілігі туралы хабарлама келген. Өтеғалиевтың айтуынша, салық органдары мұны сол кезеңде оның «сыртқы экономикалық қызметпен» айналысқанын, яғни көліктің шетелден әкелінгенін түсіндірді.
- Түсініктеме жаздым, жеке тұлға ретінде барлық төлемдерді жасағанымды түсіндірдім, растайтын құжаттарды тіркедім. Алайда, менің уәждерімді жоққа шығарып, ЖАT төлеуім керек деп шешім шығарды. Әйтпесе, 5 ақпаннан бастап менің барлық шоттарым бұғатталады екен. Осыдан кейін мен Атырау облысының прокуратурасы мен Кәсіпкерлер палатасына арыз жаздым. Салық қызметкерлері маған жеке кәсіпкер ретінде үш жыл бойы ештеңе әкелмеуім керек екенін айтады. Бірақ өздері бұл заңның қателігі екенін мойындайды. Бұл әділетті ме, өйткені мен көлікті өзім пайдалану үшін сатып алдым ғой? – деп сұрайды кәсіпкер.
Ал «Эко Өрлеу» ЖШС директоры Жанар КЕНЖЕКЕЕВАНЫҢ айтуынша, ол квазимемлекеттік сектор субъектісінің әрекетін түсіне алмайды.
– Біздің кәсіпорын «Самұрық-Қазына» қорының еншілес компанияларының біріне жоба дайындады. Жобаны әзірлеу барысында олар бастапқы деректерді бірнеше рет өзгертті, нәтижесінде біз оны қайта жасауға мәжбүр болдық. Айналып келгенде жобамызды мүлде басқа компанияға беріп, бізге ақша төлеуден бас тартты, оның үстіне бізден 15% тұрақсыздық сомасын талап етті. Кәсіпкерлер палатасына шағымдандық, мәселемізді шешуге көмектесуіңізді сұраймыз.
Өз кезегінде Ерұлан Серікқалиев жауапты тұлғалардың әрекетінің заңдылығын тексеріп, бизнестің түйткілді мәселелерін шешуге көмектесуге уәде берді.
Дайындаған Айнұр САПАРОВА
ӨКП жолдаған сурет