Атырау, 21 қараша 22:16
 ашықВ Атырау +4
$ 495.20
€ 522.34
₽ 4.94

Тарихқа деген сүйіспеншілік жаза тартқызуы мүмкін

Сурет
2 171 просмотра

Жақында Махамбет ауданына қарасты Есбол орта мектебінің тарих пәні мұғалімінің жетекшілігімен мектеп оқушыларының археологиялық жұмыстары туралы жарияланымыздан кейін «Ақ Жайық» газетіне Атырау облысы Тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының қызметкерлері хабарласты. Анықталғандай, жұмыстар жоспарсыз әрі рұқсатсыз жүргізілген.

Орталық басшысы Толыбай ДОСТЫБАЕВ мәлімдегендей, археологиялық жұмыстарды жүргізу ҚР «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңының 33-бабы («Археологиялық жұмыстарды жоспарлау») және 34-бабы («Археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру») бойынша жүзеге асырылуы тиіс.

- Елімізде рұқсат алмай, қазба жұмыстарын жүргізуге тыйым салынады. Ал Заңның 35-ші бабына сәйкес, мәдени құндылықтарға жататын заттары бар көмбе табылған кезде, олар ҚР меншiгiне берiлуі тиіс. Себебі мектептегі музей ресми тіркелмеген. ҚР Азаматтық кодексінің 247-бабына сәйкес, кездейсоқ құнды жәдігерлерді тапқан тұлғаға көмбе құнының елу пайызы мөлшерiнде сыйақы алу мүмкіндіктері қарастырылған, - деді ол.

Алдағы уақытта басқа мектептерде де осындай жағдай қайталанбас үшін, Махамбет ауданы әкімі атына хат арқылы ескерту берілген.

Есбол орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Жалғас ТАҢАТОВТЫҢ заңды бұзайын деген ойы болмағаны және бұл әрекетті оқушылардың тарихқа қызығушылығын арттыру мақсатында жасағаны түсінікті.

- Тарихқа қызығушылығы бар 7-9-сыныптың оқушыларын ауылдың іргесіндегі егіннің орнына апардым. Ол жер тарихи орын ретінде қорғауға алынбаған жер еді. Оқушылар ол жерді қазып қопармады, жер жырту кезінде бетіне ерте заманның жәдігерлері шығып қалған. Оларды мектептің фойесіндегі музей сөресіне қойдық, музейге тапсыруға да қарсы емеспін, - деп түсіндірді мұғалім.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

«АЖ» анықтамасы:
295-бап. Археологиялық жұмыстарды заңсыз жүргізу –белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
24 қаңтар 2023, 15:36

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.