Атырау қаласы әкімдігі «Халық қатысатын бюджет» жобасы бойынша 2024 жылға тұрғындардан өтінім жинауды бастады. Жобаға кез-келген адам қаланы көркейтіп дамыту және жақсарту (аумақтарды көгалдандыру, аулаларды жарықтандыру және т.б.) бойынша өз ойын ұсына алады.
«Бөлінетін ақша көлеміне келсек, ұсынылған бір жобаның құны 15 000 еселенген АЕК-тен аспауы тиіс (51 млн 750 мың тенге). Ұсыныстар 1 наурызға дейін әкімдіктің ресми сайтында жүргізіліп, дауыс беру және бастамаларды іріктеу сол сайтта онлайн түрде өтеді. Дауыс беру процесінде халықтан қолдау тапқан бастамалар қалалық бюджет есебінен жүзеге асырылады.
Атырау қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бас маманы Алан ОҢҒАРСЫНОВТЫҢ айтуынша, тұрғындардан 2022 жылы 17 жобаға ұсыныс түсіп, оның жетеуі қолдау тапқан. Нәтижесінде биыл жыл соңына дейін «халық қалауы» бойынша Химпоселокте спорттық жаттығу алаңы, Еркінқала-2 ы/а-дағы №36, №4 көше қиылысында спорттық жаттығу алаңы, №44, №9 көше қиылысы мен Водников-2 тұрғын үй алабында №17,11 көше бойынша және Нұрсая-3 ы/а-да кіші аяқ доп алаңдары салынады.
Ал 2021 жылғы өтінімдер бойынша былтыр 9 ұсыныстан 5-уі өтіп, Авангард-3, №24 үй, Б.Момышұлы көшесіндегі №114 үй, Вокзал маңы 5 ы/а №18 үй және Жетіқазына ы/а №3, №9 үй ауласында балалар ойын алаңы жөндеуден өткен.
Әкімдіктің ақпаратына сүйенсек, автор бір ғана өтініш бере алады, яғни жоба ұсына алады. Ол сол жердің тұрғындары үшін тұрақты әрі маңызды болуы шарт. Өтініш беру ережесімен қалалық әкімдіктің интернет ресурсында танысуға болады. Қосымша сұрақ бойынша 8(7122) 32-01-16; 25-44-51 телефондары арқылы және Атырау қалалық әкімдігі, қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бас маманы - Алан Оңғарсыновқа 8 701 188 11 68; қалалық ТКШ бөлімінің мемлекеттік сатып алу және жоспарлау секторының меңгерушісі Рамиль Халауединовқа 8775 858 7585 телефоны арқылы хабарласуға болады.
Жобалық ұсыныстардың санатына:
Аумақты көгалдандыру; тротуарларды, пандустарды, арықтарды салу және жөндеу; ортақ пайдалану орындарын құру, жөндеу және жарықтандыру (саябақ, сквер, жаяу жүргіншілер аймақтары және өзге де объектілер); бордюрларды, төсемтастарды, тіреуіш қабырғаларды жөндеу; қоқыс тастайтын жерлерді жою; ортақ пайдалану орындарында күрке, орындық, урна мен балалардың ойнауы және ересек тұрғындардың демалуы үшін жабдықтар мен конструкциялар орнату және жөндеу; аула аумақтарында және ортақ пайдалану орындарында спорттық (жаттығу алаңдарын, футбол, баскетбол, волейбол алаңдарын), балалар ойын алаңдарын орнату, жөндеу және жарықтандыру жатады.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Дейінгі және кейінгі (Жеті Қазына). Суреттерді қала әкімдігінен ұсынды