Қазіргі уақытта Атырауда әртүрлі жеке құрылыс салушылар 43 тұрғын үй кешенін салуда, оларды осы жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл туралы Атырау облысы бойынша Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының (МСҚБ) басшысы Ерлан ҚАБДИНОВ мәлімдеді.
Бұдан басқа, биыл Атырау қаласында 27 тұрғын үй кешенінің құрылысын бастау жоспарланып отыр. Қабдиновтың айтуынша, олардың қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімімен келісілген эскиздік жобасы дайын. Қазір құрылыс салушылар жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуде және сараптаманың оң қорытындысынан кейін МСҚБ басқармасы басшылығына құрылыстың басталғаны туралы хабарлама талонын ұсынуы қажет.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, былтыр облыстық МСҚБ басқармасы құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу туралы яғни салынатын көп қабатты үйлер мен дүкендер, мектептер, тағы басқа әлеуметтік нысандар бойынша халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы 815 хабарлама қабылдаған.
Е.Қабдиновтың айтуынша, өткен жылы облыс әкімдігінің қолдауымен және инвестордың күшімен проблемалы болған «Нұрсая Плаза» тұрғын үй кешені салынып, пайдалануға берілген:
– Қаржы тапшылығына байланысты құрылыс 2019 жылы тоқтатылған еді. Ал өткен жылы жаңа инвестор келіп, әкімдіктің көмегімен нысандағы жұмыстарды аяқтады.
Бұдан басқа, ӨКҚ өткен жылы мамандар құрылыс сапасы мен материалдарына жоспардан тыс 39 тексеріс жүргізіп, ескерту мен оларды жою мерзімі көрсетілген 13 ұйғарым шығарып, жалпы сомасы 45 млн теңге айыппұл салынды.
Айнұр САПАРОВА