«Хабар» телеарнасының «Асыл домбыра» республикалық музыкалық-сайыс мегажобасында атыраулық қатысушылар жеңіп алған бұл жүлде бүгін облыстық тарихи-өлкетану музейіне табысталды.
Салтанатты шараға Атырау облысының ақын-жазушылары және Астанадан арнайы «Асыл домбыра» жобасының ұйымдастырушылары, айтыс жанашыры, меценат Дулат ТАСТЕКЕЕВ, «Хабар» агенттігі АҚ төрағасы Берік УӘЛИ, Айтыс ақындары мен жыршы термешілері халықаралық Одағының атқарушы директоры Шұғайып СЕЗІМХАН қатысты.
Берік Уәлидің айтуынша, 4 айға созылған «Асыл домбыра» жобасында атыраулық ақындар тек облыс емес батыс өңірінің намысын қорғаған. Жергілікті айтыскерлер алдағы уақытта бұл жобаны тек Алматы мен Астанада емес, Атырау қаласында да өткізу туралы ұсыныс берген.
- Жоба барысында арнайы жасалған домбыраны тек жеңімпаз командаға береміз деп жоспарлағанбыз. Алайда соңғы айналымға дейін жетіп, Жамбыл облысымен деңгейлес айтыс көрсеткен жанкештілігі үшін Атырау облысына да екінші асыл домбыраны арнайы жасатып әкелдік, - Д. Тастекеев.
Асыл тастармен безендірілген домбыра Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мұхамбетқали КИПИЕВКЕ табысталып, музейдегі арнайы тұғырға қойылды.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суреттерді түсірген автор