Атырау, 10 қазан 04:06
 ашықВ Атырау +14
$ 489.06
€ 536.21
₽ 5.05

«Келіңіз, мен осында боламын»

Сурет
1 520 просмотра

Ақпан айында Александр ЧЕЧИН 35 жасқа толады, ол Атыраудағы қарттар үйі тұрғындарының ішіндегі ең жасы.

Саша қызмет етсем, жұмыс істеп, үйленсем, бала-шағамды өсіріп, ата-анама көмектессем деген арманы бар Махамбетте өскен қарапайым ауыл баласы еді... Ол колледжді фермер-арендатор мамандығы бойынша бітіріп, жүргізуші куәлігін алып, әскерге барғысы келген. Ол кезде жасы 18-де болатын. Шақырту қағазын алған күні әдеттегіше Жайыққа шомылуға барған еді. Саша мойын омыртқаларының неден сынғанын ұмытыңқырап қалыпты, ал бұғана астындағы сезімталдық жоғалған, бірақ кейін болған жағдай өте жақсы есінде.

Саша 16 жылдан бері сал боп қалған. Ол тренажерге таңылған күйде отыр, жаңа таныстыққа сәл толқығаны байқалады. Шағын мотор қолдарын педальды айналдыруға мәжбүрлеп, бірқалыппен ызылдайды. Бірнеше минуттан кейін механизм тоқтап, Саша оны қайтадан іске қосу үшін медбикенің келуін шыдамдылықпен күтіп отырды.

Ол әлгі қасіретті оқиғадан кейінгі өмірін өзінің басынан өтпегендей әңгімелеп берді. Сол оқиғадан кейін он жыл бойы ол күннің қалай атып-батқанын әзер байқайтынын айтты. Ол маған депрессия мен жалғыздықты қандай екенін нақты білетінін айтты. Бұл жанды жейтін және шайнамай жұтатын екі нәрсе. «Ыңғайсыздық үшін кешір, бауырым, бірақ өміріңнің соңына дейін бірге болатын секілдіміз...» - дейді олар. Олар түрме қарауылдары секілді өмірдің бар қуанышын тінткілеп шығарып, үмітін, жоспарын тас-талқан қылады. Депрессия «өзін бақытты сезінуіне ең болмағанда бір себеп бар ма?» деп сұрайды. Неліктен ол өз-өзін қолға алып, нағыз еркекше жар сүйіп, табыс таба алмайды? Күйзеліске түспейін деп жолатқысы келмесе де, ол айналып, жалғыздықпен бірге қасынан табылады. Ол бүгін де, ертең де, арғы күні де осы сезімдермен ұйықтауға тура келетінін түсінеді.

– Сегіз жыл бойы бөлмемнен шықпадым, – дейді Саша. - Анам маған қамқор болды, жігерлендірді, тек сол үшін ғана өмір сүруді жалғастырдым. Ол күресу керек, тырысу керек, болашақты ойлау керек деп айта беретін. Әулие әйел еді. Иә, мен ота жасаттым, бірақ ол мені аяғыма тұрғызбады. Әлі жүре алмаймын, тіпті сөйлеуден де қалдым. Анам мені Атырауға оңалту орталығына апарды, арбаға отырғызуға көндірмек болды, бірақ отыру былай тұрсын, мына дөңгелекті креслоға қарай да алмадым. Бұл: шынымен де, біржола мүгедек адам дегенді білдірер еді.

...Одан кейін анам қайтыс болды, мен инерциямен өмір сүре бердім. Маған қамқорлық жасау әкемнің мойнына түсті. Ол қартайған әрі ауру болғандықтан, маған дұрыс қарай алмады. Мені жуындыра алатын достарымның бірінің келуін күттім. Олардың бәрі оқып, жұмыс істеп, балаларын бағып жүрсе де, бар шаруасын тастап, кезектесіп келді. Күнде кешке көршінің жұмыстан қашан келетінін күтіп, құлағымды түріп отырдым. Ол келіп, жұма сайын ыстық тамақ пен кәуаптан ауыз тигізіп, үйге қарайтын. Айына бір рет анамның бейітіне апаратын. Иә, мен жұма күнін жақсы көре бастадым. Мектептегі достарым көтеріп, мешітке апарып дұға-намаз оқитын едік. Мені шоқындырған, бірақ мен мұсылмандардың арасында өстім, қазақ тілі орыс тілі сияқты ана тілім боп кетті, азаншының даусы жанымды тыныштандыратын... . Содан кейін ноутбук алдым, интернетке қосыла бастадым, сол кездегі сәнді «агент» қосымшасын игердім және сыныптастарыммен сөйлесіп, хат алмасып жүрдім. Басыма түскен жағдайды қабылдағандай болдым.

Сашаның айтуынша, Жаңа жыл алдында әкесі қайтыс болып, ол жалғыз қалыпты. Әлеуметтік қызметкерлер айына екі рет келетін. Төсекте ұзақ жатқаннан жамбас ойылып, үлкейіп кеткен; ол іріңдеген қызыл саңылаулардан сүйектерін көретін. 

«МАРҚҰМ АНАМНЫҢ ЕҢБЕГІ ЗАЯ КЕТПЕСІН»

Facebook желісінде бірнеше жыл бойы мүгедек волонтер Гүлназ ҚОСМҰРЗИЕВАНЫҢ парақшасынан үйінде тірідей шіріп жатқан жігіт туралы оқыған сұмдық оқиға есіме түсті. Сөйтсек, бұл Саша екен.

- Осы жазбадан кейін маған күнде таңертең келе бастады, - дейді ол. Жуындырды, киіндірді, тамақтандырды. Келесі таңға дейін осылай жалғасады. Су ішкім келетін, әсіресе кешке... Мен Гүлназдан күніне бірнеше рет көмек алатын жерге тіркеуін өтіндім. Сөйтіп, мен қарттар үйіне келдім, төрт жылдан бері осында жалғызбасты қарттармен бірге тұрамын. Әрине, қазір мен қараусыз емеспін, мұнда тамаша адамдар жұмыс істейді. Бұл жердегі көршім – көзі көрмейтін қария. Күн сайын оның өтініші бойынша мен оның ұялы телефонына келетін қоңырауды ауыстырамын, күніне жүз рет «сағат неше?» деген сұрағына жауап беремін және оның күңкілін тыңдаймын.

- Саша, не қалар едің?

– Егер мен бәрінен бас тартсам, анамның үмітін ақтамағаным, анамның еңбегі зая кетпеу керек. Сондықтан әлі де емделгім келеді. Бәлкім, шетелге шығар. Ішінара болса да өздігіммен жасағым келеді. Кейбіреулер тіпті өзің қырынудың қандай бақыт екенін сезбейді ғой.

...Интернеттен бүкіл бұлшықетті дамытуға арналған тренажерлары бар оңалту орталықтарын көрдім. Ал ол жерде мен сияқтыларға, кинодағыдай экзоскелеттің көмегімен өзің жүруіңе болады. Бірақ бұған қыруар қаржы керек. Мен тек қарт адамдармен ғана емес, менімен бірдей диагнозы бар адамдармен, замандастарыммен сөйлесу үшін үнемі шектеусіз Интернетке шыққым келеді. Интернеттен ақша табу үшін әлдебір курстардан өту керек шығар, саусақтарыммен жұмыс істеймін, түймелерді баса аламын. Үйіме оралғым келеді, бірақ менімен тәулік бойы бірге болатын адамсыз бұл мүмкін емес, ал күтушінің қызметі қымбат. Бірақ бір күні орындалады, деп армандаймын...

Сашамен сөйлесіп шыққанда, жүрегім ауырды. Менімен кездесу үшін ол сол күні еріктілер ұйымдастырған концерттен қалып қойды. Бірақ оны көрмегеніне өкінбейді. Оған жаңа адаммен танысқан қызықтырақ.

- Уақытыңыз болса, тағы келіңіз. Мен осында боламын.

P.S. Осы жарияланымнан кейін көптеген оқырмандар комментарийлерде Александрға қаржылай көмектескісі келетінін білдіріпті. Kaspi.kz қосымшасы арқылы аудару үшін оның нөмірін беруді жөн көрдік. Емге ме, оқуға ма, күтушіге ме, ақшаны неге жұмсайтынын оның өзінен артық кім біледі... Оның нөмірі (8775) 933 57 88 (Александр. Ч.). Біз өз тарапымыздан Сашаға кейін тағы да барып, бұл ақшаны оның қалай кәдеге жаратқанын білуге уәде береміз.

Анастасия ШЕРСТЯНКИНА

Суреттерді түсірген автор

18 қаңтар 2023, 15:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.