16 қаңтарда Атырау қалалық әкімшілік соты мейрамхананың кіреберісінде төбелес шығарған жеті ер адамға қатысты қаулы шығарды. Бұған дейін полицейлер оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы («Ұсақ бұзақылық») бойынша хаттама толтырған болатын.
Осы бап бойынша төбелеске қатысушылардың біріне 17 250 теңге айыппұл салынса, енді бірі 3 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
- Ұсақ бұзақылық жасаған кезде ол мас күйінде болған, бұл дау туғызбайды, оның төленбеген айыппұлдары да бар, - деп түсіндірді сотта екіншісіне қатысты шешімді.
Ал қалған бесеуіне қатысты іс «әкімшілік құқық бұзушылықтың болмауына байланысты» қысқартылды: сот олардың төбелеске тікелей қатыспағанын анықтады. Бірақ мұнымен қатар полиция төбелес орнында суық қару – пышақтың табылуына байланысты ҚР ҚК-нің 293-бабы («Бұзақылық») бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр.
Еске салсақ, 15 қаңтар күні Темірханов көшесінде орналасқан мейрамханалардың бірінде белгісіз азаматтар арасында (олардың ішінде әйел мен жасөспірім болған) өзара келіспеушілік орын алып, төбелеске ұласқан. Соңында 10 тұлға полиция бөліміне жеткізілді.
- Тағы бір ер адамның ісін сотқа кейін жібереді, әзірге ол ауруханада жатыр, - деп жауап берді полиция «АЖ» сауалына.
Айнұр САПАРОВА