Атырау облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен «Теңізшевройл» ЖШС арасындағы келісім-шартқа сәйкес, бес мамандық бойынша оқу бағдарламасы басталады. Бұл туралы басқарма басшысы Азамат МӘМБЕТОВ мәлім етті.
- Қазір басқарма мамандары аудандарды аралап, оқуға іріктеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оқуға тек жұмыссыздар ғана емес, өзге азаматтар да өтініш бере алады. Оқу бағдарламасы бес мамандық бойынша жүргізіледі. Олар құбыр монтаждаушы, бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика бойынша монтаждаушы, электромонтаждаушы, құбырларды дәнекерлеуші, металл конструкцияларды дәнекерлеуші. Оқуға қабылданғандар тегін тамақпен және жатын орынмен қамтылады, - деді А.Мәмбетов.
Бүгінде Исатай ауданынан 30, Құрманғазыдан 46 және Индерден 31 адамның өтініші қабылданған. Енді мамандар Махамбет, Қызылқоғаға, Мақат және Жылыой аудандарына барады. Ал 20 қаңтарда «Apec Petrotechnic» колледжі базасында сағат 9.00-12.00 аралығында Атырау қаласы бойынша іріктеу жұмысы жүргізіледі.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ