Атырау, 24 қараша 04:02
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Жоғарғы рада депутаты президент кеңсесінің кеңесшісі Арестовичті қызметтен алуды талап етті

814 просмотра

Украина Жоғарғы радасы депутаты Алексей Гончаренко президент кеңсесінің кеңесшісі Алексей Арестовичті қызметтен алу туралы талап жазылған хатқа қол жинау басталғанын хабарлады, дейді Азаттық радиосы.

Бұған қоса ол Украина қауіпсіздік қызметінен Арестовичтің іс-әрекетінде мемлекетке опасыздық жасау қылмысы бар-жоғын тексеруді талап еткен.

Бұдан бөлек президент Владимир Зеленскийдің әкімшілігі Арестовичтің соғыс тақырыбына айтқан сөздері президент кеңсесінің ресми позициясына еш қатысы жоқ деп ресми мәлімдеуі керек деп санайды Гончаренко.

16 қаңтарда Жоғарғы раданың тағы бірнеше депутаты президент кеңсесінің басшысы Андрей Ермактан биліктің ресми позициясы мен Арестовичтің ұстанымын ажыратуды сұрап өтініш қылған. Олардың пікірінше, кеңесші Арестовичтің "іс-әрекеті елге зиян тигізеді", мысалы, оның Днепр қаласындағы көпқабатты үйдің қирауының себебі туралы айтқан сөзін "агрессор елдің медиасы қолма қол іліп алып, жар сала таратты" деп жазған олар.

14 қаңтарда Фейгин Live YouTube-арнасына берген сұхбатында Алексей Арестович Днепр қаласындағы көпқабатты тұрғын үйдің тұтас бір подъезін қиратқан ресейлік зымыранды Украина күштерінің әуе шабуылына қарсы жүйесі атып түсірген деп мәлімдеді. Украина қорғаныс министрлігі мұны жоққа шығарып, Ресей зымыраны көздеп атқан нысанаға дәл тиген деп айтты.

Кейінірек Арестович әуелі "шаршап отырып эфирде айтқан" сөзі үшін кешірім сұрап, бірақ артынан айнып қалды. Президент кеңсесі кеңесшісінің сөзі Украинада дау туғызды. Днепр қаласының мэрі Борис Филатов Арестовичті "менменсіген", "іріген аузынан шіріген сөз шығады" деп сөкті.

  • Ресей былтыр 24 ақпанда Украинаға қарсы басқыншылық соғыс ашқаннан кейін Алексей Арестович президент Зеленский кеңсесінің негізгі спикерлерінің біріне айналған. Арестовичтің соғыстың барысы жайлы айтқан эфир хабарлары миллиондап қаралады.
  • Украинаның социология қызметтері жүргізген зерттеу деректері бойынша, Арестович елдегі ең танымал саясаткерлер мен қоғам қайраткерлерінің үштігіне енеді: ол президент Владимир Зеленский мен әскербасы Валерий Залужныйдан кейін үшінші орында тұр. Былтыр тамызда Арестович келесі президент сайлауына түсуі мүмкін екенін мәлімдеген.
17 қаңтар 2023, 17:52

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.