Тендерлік рәсімдердің ұзақтығы Атырау облысындағы «Жайлы мектеп» жобасының іске асырылуын бұзуы мүмкін. Бұл туралы Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған құрылыс комитетінің отырысында Атырау облысы «Қазақстан құрылысшылар одағы» Атырау филиалының директоры Эльдар МҰХАНБЕТЖАНОВ (суретте) хабарлады.
Э.Мұхамбетжановтың айтуынша, былтыр жыл соңында үкімет бекіткен республикалық жобаны іске асыру 2023-2025 жылдарға есептелген. Қаржыландырудың жалпы көлемі – 2,6 трлн теңге. Бұл қаражатқа ел бойынша 401 жаңа мектеп салынады деп күтілуде. Мақсат - қазіргі заманғы стандарттарға сәйкес келетін жаңа білім беру объектілерін салу арқылы апатты мектептерді және оқушы орындарының тапшылығына қатысты мәселелерді жою.
- Атырау облысында 12 мектеп бой көтеруі тиіс. Жобаның бас бірыңғай операторы – «Самұрық Қазына Констракшн» АҚ. Бұл ретте мектеп салуға жер учаскелерін беруге және оларды инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге жергілікті атқарушы органдар жауапты деген шарт бар. «Самұрық Қазына Констракшн» жеңілдетілген шарттар бойынша тендер өткізуді жоспарлап отыр. Өйткені мерзімі шектеулі. Алайда әкімдік сатып алуды «ашық конкурс» тәсілімен жүргізуге мәжбүр, бұл көп уақытты қажет ететіні белгілі. Бұл жайт жобаны іске асыруды баяулатуы мүмкін, – деді Э. Мұханбетжанов.
Облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Мереке ЗИНУЛЛИН жобаның дер кезінде жүзеге асуына жергілікті атқарушы органдардың мүдделі екенін айтып, өз ойымен бөлісті: ол арнайы қаулы тендерлік рәсімдерді өткізу мерзімін жылдамдатуға көмектеседі деп есептейді. Оның айтуынша, жаңа 9 мектептің жер учаскесі бойынша құжаттар дайын, қалған үшеуі бойынша – ресімдеу сатысында.
Біздің міндетіміз – жұмысты тез аяқтап, оқу нысандарын «Самұрық-Қазына Констракшн» балансына беру. Мәселе инфрақұрылымда, атап айтқанда, оларды кім және қалай жүргізетінінде. Егер біз мердігерді ашық конкурс арқылы анықтайтын болсақ, онда уақыт жоқ, өйткені мерзімі тығыз. Сондықтан біз Атырау облысының кәсіпкерлер палатасы, «Самұрық-Қазына Констракшн» АҚ-тан көмек сұраймыз. Қысқа мерзімде тендер өткізу үшін арнайы қаулы қажет, – деді М. Зинуллин.
Дайындаған Айнұр САПАРОВА