Жылыой ауданы Қосшағыл округіндегі №2 жалпы орта білім беретін мектептің оқушылары жөндеу жұмысының бітпеуіне байланысты өткен жылдан бері төрт ауысыммен оқуда. Ашулы ата-аналар «АЖ»-ға хабарласты.
- Мердігер «SCS Инжиниринг» ЖШС негізгі және бастауыш мектеп пен интернатты толық күрделі жөндеуден өткізуі тиіс болатын. Бұған бюджеттен 548 млн 706 мың теңге бөлінді. ЖШС келісім шартта көрсетілгендей, бұл обьектілердің барлығын 2022 жылдың 30 қарашасында толық бітіріп, тапсыруы тиіс болатын. Бірақ бұл талаптарды орындамады, - дейді мектеп директоры Айгүл МҰҚАНОВА. - Өткен жылдың 10 қарашасынан бері жұмыс мүлдем жүрген жоқ. Сондықтан 320 орындық бастауыш мектепте 869 оқушы оқуға мәжбүр.
- Аядай жерде тығылыса оқып жатыр балаларымыз. Кабинеттер жетіспейді, кейбір пәндер онлайн түрінде оқытылуда. Қашан барсаң да, дәлізде сеңдей соғылысқан оқушыларды көресің. Мұғалімдердің өзінің отыратын жері жоқ. Бұдан қалай білім болады? Бұған кім жауап береді? - дейді наразы болған ата-аналар.
Тапсырысшы - №2 жалпы білім беретін мектеп басшылығы мердігерді ауданаралық экономикалық сотқа беріп қойыпты. Сот шешімі әлі шыққан жоқ.
- Хабарласқан ата-аналар кейбір пәндер былтырғы оқу жылынан бері онлайн түрінде өтіп жатқанын айтуда.
- Жалпы бес пән: бейнелеу, көркем еңбек, музыка, АӘД, дене тәрбиесі сабақтары қашықтан оқытылуда. Оқушылар төрт аусыммен оқыса да, білім сапасы төмендеген жоқ деп айта аламын, - дейді А. Мұқанова.
Мектеп директорының айтуынша, жұмыстар әлі де жетерлік, сыртқы абаттандыруды айтпағанда, бастауыш мектеп толық бітпесе, негізгі мектептің 40-шақты терезесі ауыстырылмаған, ал интернаттың бірінші қабатының линолеумы төселместен жатыр.
Мердігер «SCS Инжиниринг» ЖШС-мен хабарласу мүмкін болмады, телефондары жауап бермеді. Ал тапсырысшы мектеп директорына жөндеу жұмыстарын жалғастыратынын жеткізген. Ал уақытын дәл айта алмады.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суретті түсірген автор