Атырау облысында өткен жылдың соңында жүргізілген білім беру және спорт саласына бөлінген бюджет қаражаттарына мемлекеттік аудит жүргізілді. Тексеру қорытындысы миллиардтаған қаржының дұрыс жұмсалмай отырғанын анықтаған. Бұл туралы Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Нұрбол ҚОНЫСОВ Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
Атап айтқанда, техникалық және кәсіптік білім беру саласына, білім беру жүйесін әдістемелік сүйемелдеуге, аймақтық дене тәрбиесі және спортты дамытуға бөлінген бюджет қаражат тексерілген. Білім беру саласына қарасты 10 ұйымды тексеру кезінде 3 млрд 473 млн теңгенің көлемінде бюджет қаражатын үйлестіру кезінде олқылықтар анықталған. Оның ішінде 1 млрд 701 млн теңге қаржылық бұзушылық, 1 млрд 146 млн теңге тиімсіз пайдаланылған, 626 млн теңге тиімсіз жоспарланған.
Н.Қонысовтың айтуынша, бұл заңбұзушылықтарға мемлекеттік сатып алу, құрылыс қызметі, бухгалтерлік есеп, мемлекеттік мүлік туралы заңнама және басқа да құқықтық-нормативтік актілердің сақталмауы себеп болған. Бұған қоса, облыстық білім беру басқармасындағы бюджетті жоспарлау бөлімінде кадрлардың болмауы да әсер еткен.
Тексеру қорытындысымен 24 әкімшілік іс қозғалып, 10 лауазымдық тұлғаға 1 млн 646 мың теңге әкімшілік айыппұл салынды.
Тексеру кезінде колледжерде 2021 және 2022 жылдары түлектердің жұмысқа қабылдану көрсеткіші төмендегені, оған ұсыныстардың жіті зерттелмейтіні және материалдық базамен толық қамтамасыз етілмегені негіз болғаны анықталды.
Сонымен қатар, білім беру басқармасының сатып алатын тауарлар негіздемесі жалғанбағаны, бюджеттік өтінімдерде түсіндірме тұсы жеткілікті толтырылмағаны, бюджеттік бағдарламаларды әзірлеу, бекіту талаптары сақталмайтыны, колледжерге бөлінетін қаржыға мониторинг жүргізбейтіні сөз етілді.
- Бұл бюджет қаражатының тиімсіз жоспарлауына алып келді. Басқарманың техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесін қолданбайтыны белгілі болды. Еңбек заңнамасы нормаларының сақталмауы, жауапты лауазымды тұлғалардың бақылауында болмауынан 3,9 млн теңгені негізсіз артық төлеу фактілері анықталды. Аудит обьектілері қызметтік іс-сапар шығындары бойынша заңнама талаптарын бұза отырып, 843,6 мың теңге қаржылық бұзушылықтарға жол берген, - деп хабарлады Н. Қонысов.
Айнұр САПАРОВА