Атырауда ресейлік көше музыканттарының хикаясына нүкте қойылды. Іс Бас прокуратураға жеткен соң, қалаған нәтижеге ішінара ғана қол жеткізілді.
Еске салсақ, бұл оқиға өткен жылдың күзінде Ресейден келген Владислав ПОДГОРНЫЙ мен Никита ЕВСЕЕВТІҢ қатысуымен болған. Жастар Жайық өзенінің жағасында гитараның сүйемелдеуімен ән айтып, алғыс ретінде тамашалаушылардың ерікті қайырымдылықтарынан бас тартпаған. Кез келген дамыған қаладағы қалыпты көрініс... Алайда полицей патрулі мұны заң бұзушылық деп тауып, музыканттарға қатысты «Қоғамдық орындарда тиісу» бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырған.
Адвокат Нұрлан ЖОЛБОЛОВ бұл хикаяға қызығушылық танытып, шетелдіктерге тегін заңгерлік көмек көрсетіп, сотта олардың мүддесін қорғады. Нәтижесінде сот полицейлердің әрекетін бір ғана себеппен заңсыз деп тапты. Полицейлер қысқартылған әкімшілік іс жүргізуді дұрыс қолданбаған (алайда олардың әрекетінде басқа да айтарлықтай күрделі процессуалдық бұзушылықтар болған).
«Көше музыканттары осы бап бойынша әкімшілік құқық бұзушылық субъектісі болып табыла ма?» деген сұраққа жауап болған жоқ. Ал бұл маңызды, өйткені ресейліктердің орнында кез келген басқа көше музыканттары, жергілікті тұрғындар немесе басқалар болуы мүмкін.
Сотта жеңіп, айыппұл төлеу жойылғанына қарамастан, адвокат пен оның қорғалушылары қаулыны жоғары тұрған инстанцияға шағымдануды ұйғарды. Облыстық соттың апелляциялық алқасының «...шағымды қанағаттандырусыз... өзгеріссіз қалдыру... жарияланған кезден бастап заңды күшіне енеді, шағымдануға және наразылық білдіруге жатпайды» деген жауабы қатаң болды.
Кейіннен адвокат Бас прокуратураға сот актілеріне наразылық енгізу туралы өтінішпен жүгінгенімен, өкінішке орай, нәтиже болмады. Осылайша, барлық көше музыканттарының құқығын қорғауға заңмен берілген барлық мүмкіндік бітіп, олар бұрынғыша «тәуекел тобында» қалады.
Ал, танымал болған Владислав пен Никита әлеуметтік желіде: «Атырауда екі жарым айды тамаша өткіздік. Көшеде бізді тыңдағандарға, көмектескендердің бәріне алғыс айтамыз, сонымен қатар оқиғаны жариялаған журналистке және тегін көмек көрсеткен адвокатқа көп рахмет!» деп қоштасып, қаламыздан қыс басталғанда кетіп қалды.
Лев ГУЗИКОВ